Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталды

25 Мамыр 2019, 12:04
3375
Бөлісу:
Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталды
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте триатлон спортынан «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» атты Азия кубогі басталды.

Алғаш рет ұйымдастырылған турнирді өткізудің мақсаты - қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.

Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталды

Ол турнирді ұйымдастырып жатқан Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке алғыс білдірді. Барлық қатысушыға және келушіге сәттілік тілеп, мұндай халықаралық турнирлер Шымкентте жиі-жиі өтуі тиіс екенін, мұның туризмді дамытуға, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпалы тиетінін айтты.

Жарыстың бірінші күні, яғни 25 мамырдағы турнир кәсіби спортшылар арасындағы бәсекеге арналды. Бұған әлемнің 14 елінен, атап айтқанда Сербия, Словения, Австралия, Жапония, Гонконг, Люксембург, Сирия, АҚШ, Франция, Иордания, Румыния, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қазақстаннан барлығы 34 ер және 11 әйел атлет қатысуда.

Шымкенттің Наурыз алаңында өтіп жатқан турнир ерлер арасындағы сайыстан басталды. Олар «Жайлаукөл» саябағының су айдынында 1500 метрге жүзді. Кейін 40 шақырым веложарыс жолына шықты. Қазір веложарыс өтіп жатыр. Сосын 10 шақырымға жүгіреді.

Турнирді Қазақстан Триатлон федерациясы мен Шымкент қаласының триатлон федерациясы бірлесіп ұйымдастырып жатыр. «Shymkent» ӘКК» АҚ бас серіктес ретінде танылған. «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, мұндай турнирлерді өткізуге Шымкентте барлық мүмкіндік бар.

«Әлемде «Iron Man» чемпионаты өтеді. Соған шығу үшін спортшылар кезеңдік турнирлерде нәтижелерін бекітуі тиіс. Әр мемлекет сол турнирлерді өткізуге ұсыныстарын береді. Биыл Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары арасында бәсеке болып, таңдау Шымкент қаласына түсті. Күзде жартылай марафон өтеді. Жартылай марафонды өткізу қыркүйектің соңына жоспарланған. Соны да Шымкент қаласында өткізуді ұсынып жатырмыз. Бірақ, таңдауды комиссия шешеді. Бізде жартылай марафонды өткізуге барлық мүмкіндігіміз бар. Сол жартылай марафон біткен соң Temiradam марафоны болады. Ал спортшылар Temiradam-ға қатысу үшін міндетті түрде осындай турнирлерге қатысып, бәрінен өтіп, тіркеліп, барлық мәліметі тіркелуі керек. Өйткені, Temiradam марафонында 17 сағат бойына физикалық қозғалыста жүреді. Жүзеді, велосипедпен жүреді, жүгіреді. Денсаулығына зиян келмеуі үшін осындай кезеңдерден өтуі тиіс. Бүгінгі турнирге әуесқойлар арасынан іріктелгендер қатысып жатыр. Енді бұдан өткендер жартылай марафонға қатысып, содан өткендері Temiradam-ға қатысады», - дейді Рашид Аюпов.

Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталды

Басқарма төрағасының сөзінше, мұндай турнирді өткізудің Шымкент қаласын танытуға пайдасы мол. Туризмді дамытады. Қазақстанда триатлон спортын, салауатты өмір салтын дамытуға, қазақстандық спортшылардың, бапкерлер мен төрешілердің шеберлік деңгейі мен біліктілігін арттыруға, мықты спортшыларды анықтауды мақсат етеді.

«Толеранттылықты дамыту, қаламызды таныту үшін сырттан көп адам қаламызға келуі керек. Бұл үшін турист тартуға бағытталған шараларды көбірек өткізу қажет. Осы триатлон турнирі – соның бірі. Сондықтан да қолдап отырмыз. Тағы бір себеп, триатлон турнирлеріне қатысу тенденциясы өте жоғары. Жастар көп қызығады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында триатлонмен айналысуға үлкен алаң әзірленген. Бізде әзірге сондай жоқ. Бұған халықты тартып, үйрету керек. Сондықтан да біз мұны қолдауды дұрыс көрдік. Алдағы уақытта Шымкентте тұрақты түрде өткіземіз. Екіншіден, «Шымкентте Temiradam-ды өткізсек» деген үлкен жоспарымыз бар. Соған әрекет жасаймыз. Оған көп дайындық қажет. Күзде жартылай марафонды жақсы өткізсек, барлық кемшілікті білеміз. Келесі жылы да өткізе аламыз. Содан кейін дайын боламыз. Бізде мұндай турнирлерді не күзде, не көктемде өткізуге болады. Жазда болмайды. Өйткені, жазда бізде күн – ыстық», - дейді ол.

Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталды

Келесі турнирді Михайловское су қоймасында өткізу жоспарланған. Триатлон федерациясының қызметкерлері келіп, сондағы суды, барар жолды, барлығын көріпті.

«Қаладан алыс емес екенін есепке алды. Оларға сондағы су және оның температурасының төмендегі ұнап жатыр. Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы ғой. Соған сәйкес Қазақстан-Өзбекстан бірлескен триатлон турнирін өткізу жоспарымыз, соны Шымкентте өткізсек деген ұсынысымыз бар. Өйткені, Михайловское су қоймасын бір рет баршасына көрсетіп, танытып аламыз. Енді бір жағынан бізге Ташкент те жақын. Бірлескен турнир өткізуге қолайлы», - дейді Рашид Аюпов.

Ертең жарыстың екінші күнінде әуесқой атлеттер арасында триатлоннан ұлттық турнир өтеді. Сағат 9-да басталатын сайысқа жеке есепте 77 атлет пен 2 эстафеталық команда қатысады. Соған қатысуға «Shymkent» ӘКК» АҚ әлеуметтік желілердегі парақшаларда шымкенттік әуесқойлар арасындағы жарысқа тіркелу туралы хабарландыру жасалып, тіркеу жүргізілді.

Шымкентте триатлоннан Азия кубогі басталды

Биылғы турнирге қатысушы саны небәрі 3-4 күн ішінде толып қалыпты. Сондықтан тіркеуді ертерек тоқтатуға тура келіпті.

«Біздегі инфрақұрылымға сәйкес, 100 адамнан асырмауға тырыстық. Ертең 150 адам қатысады. Келешекте қолдау көрсетсе, 500-1000 адамның қатысуымен өткізу жоспарымыз бар», - дейді Рашид Аюпов.

Айта кетсек, Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup – құрамына 35 ел кіретін Азиялық Триатлон Конфедерациясының бастамасымен кәсіби спортшылар арасында триатлоннан өткізілетін құрлықтық турнир саналады. Биыл Шымкент қаласы қабылдап алған турнирді ұйымдастыруға Шымкент қаласының әкімдігі, Қазақстан Респбликасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ да қолдау көрсетіпті.

Ал Триатлоннан «TEMIRADAM» кубогінің ІІІ кезеңі – қалың бұқара арасында салауатты өмір салты мен триатлонды насихаттау мақсатында Age Group(әуесқойлар) санатындағы спортшылар арасында триатлон бойынша өткізілетін ұлттық турнирдің кезеңіне жатады.

Триатлон – жүзу, веложарыс және жүгіру секілді жекелеген спорт түрлерінен құралған мультиспортивті циклдық олимпиадалық спорт түрі. Триатлон кезеңдерін спортшылар кезекпен және үзіліссіз бағындырады. Халықаралық деңгейде триатлон Халықаралық Триатлон Одағының (International Triathlon Union) ережелерімен реттеледі.

Өзгелердің жаңалығы