Бас жаңалықтар
Той өткізушілер айыппұл төлеуден қорықпайды – мониторингтік топ
30 Қараша 2020, 13:26 270

Той өткізушілер айыппұл төлеуден қорықпайды – мониторингтік топ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазан айының басынан бері санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторнигтік топ рейд өткізіп, кәсіпкерлер мен тұрғындарға әкімшілік айыппұл салғанымен той өткізушілер саны азаймай тұр, деп хабарлады Алтайньюс.

Үш күн бойы рейд жүргізген мониторингтік топ Семейдің мейрамханалары мен дәмханаларында той мен еске алу шараларын өткізудің бірнеше фактісін анықтаған. Қалалықтарды коронавирустық инфекцияның таралуы қорқытпайтын сыңайлы. Көпшілік жиналатын шараларды өткізуге деген тапсырыстар тоқтаусыз қабылдануда.
Ал ақшаға құнығып, тәуекелге барған кәсіпкерлер тіптен өз қызметтерінің бағаларын да көтеріп жіберген. Шаралар есікті іштен іліп алу, көліктерді алысқа тұрақтату, музыканы қоспау сияқты амал-айлаларды қолдана отырып өткізілуде. Мониторингтік топ өкілдерінің айтуынша, іс-шараларды ұйымдастырушылар істеген істеріне өкініп, өздерін кінәлі сезінбейтін әрі айыппұл төлеуден қорықпайтын көрінеді, - делінген ақпаратта.

Қазан айының басынан бері мониторингтік топ шамамен 120 рейд өткізіп, полиция қызметкерлері күн сайын мейрамхана және дәмхана иелеріне, сонымен қатар шараны ұйымдастырушыларға хаттамалар толтырып, материалдар рәсімдеп отырды. Өкінішке қарай, салынған айыппұлдар сомасы миллиондап кеткенімен, санитарлық талаптарды сақтамау фактілері тыйылар емес.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...