Бас жаңалықтар
Төтенше жағдайлар комитетіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы айтылды
24 Қазан 2019, 13:18 835

Төтенше жағдайлар комитетіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров Төтенше жағдайлар комитеті жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы баяндады. 

"Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы басым бағыттардың бірі. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша төтенше жағдайлардың жалпы санынан техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар 88,6%-ды құрады, өткен жылдан аса көп. 10152 оқиға тіркелді, бұл ретте 1390 адам зардап шегіп, 426 адам қаза болды", - деді аға тергеуші.
Бигайдаровтың айтуынша техногендік сипаттағы жағдайлардың негізгі үлесі өндірістік және тұрмыстық өрттерге тиесілі. Осылайша, көрсетілген кезеңде болған 9864 өрт салдарынан 473 адам зардап шегіп, 201 адам қаза тапқан. Ал материалдық залал 2 млрд 204 млн теңгені құраған. 
"Уәкілетті орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін адал атқаруына адамдардың қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығы тәуелді. Осыған байланысты, Агенттік ІІМ төтенше жағдайлар Комитеті жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға және анықтауға ерекше назар аударды. Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өндірісінде ведомствоның қызметкерлеріне қатысты 91  қылмыстық істің 70-сі өндіріспен аяқталып, 66-сы сотқа жолданды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін 19 ТЖК және құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері сотталды", - деді ол.
Талдау көрсеткендей, ТЖК қызметкерлері жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ең көп таралған түрлері –  парақорлық, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және жымқыру.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Кадр жұмысы бойынша департамент басшысы Нұрлан Жақсымбетов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметшілері қанша жалақы алатыны туралы айтқан болатын.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова агенттік алаңында өткен брифинг барысында мемлекеттік материалдық резервке талапқа сай келмейтін азық-түліктер қойылғанын хабарлады.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...