Төтенше жағдай: Елордада базарлар мен дүкендердің жұмыс кестесі белгіленді

8 Қаңтар 2022, 12:33
1504
Бөлісу:
Төтенше жағдай: Елордада базарлар мен дүкендердің жұмыс кестесі белгіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай аясында бизнес субъектілерінің, оның ішінде сауда нысандарының, базарлардың, дүкендер мен дәріханалардың жұмыс істеу тәртібі бекітілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бизнес субъектілері, оның ішінде сауда нысандары мен базарлар, дүкендер, дәріханалар ТЖ режимінің қолданылу кезеңінде жұмыс кестесін сағат 8.00-ден 22.00-ге дейін қамтамасыз етуі қажет.

Бизнес субъектілерінің басшылары тонаушылық, тауарларды ұрлау және мүлікті бүлдіру жағдайларын болдырмау үшін мүмкіндігінше қосымша қауіпсіздік шараларын қолданғаны жөн.

Сонымен қатар, үш ауысымды жұмыс кестесі бар ұйымдар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдаушылардан басқа, коменданттық сағат басталғанға дейін азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды, шикізатты, материалдарды жұмыс кестесіне сәйкес үздіксіз жеткізуді ұйымдастыру қажет.

Коменданттық сағат кезінде қызметі рұқсат етілген ұйымдардың көлік құралдарының жүріп-тұруы үшін өзімен бірге мынадай құжаттары болуы қажет:

- жеке куәлік немесе паспорт (жүргізуші және қызметкерлер);

- автокөлік құралына арнайы рұқсаттама;

- тауарларға қатысты: шығу нүктесін және түпнұсқадағы жеткізу мекенжайын растайтын тауар жүкқұжаты;

- қызметкерлерді үш ауысымдық жұмыс кестесімен тасымалдау барысында – төтенше жағдай кезінде жұмыс орнын растайтын құжат (жұмыс орнынан анықтама және т.б.) түпнұсқада;

Айта кету керек, жұмыс орнын растайтын құжатта көрсетілген жеткізу мекенжайы мен ұйымы сәйкес келуі керек.

Үш ауысымды жұмыс кестесі бар бизнес субъектілері қызметкерлерді тұрақты бекітілген көлік құралымен орталықтандырылған тасымалдауды қамтамасыз етуі керек.

 

Өзгелердің жаңалығы