Төрт қабырғада қамалып отырмайды. Елімізде ерекше балаларға заманауи мамандықтарды оқытатын курс бар
PHOTO
6 Мамыр, 18:38 969

Төрт қабырғада қамалып отырмайды. Елімізде ерекше балаларға заманауи мамандықтарды оқытатын курс бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған онлайн оқу ұйымдастырылды. Жобада 60-тан астам ерекше бала онлайн-мектепте 6 ай бойы: мобилография, скетчинг, scratch және STEAM бойынша сабақ алады.

Және балалар қиындықтарды еңсеру кезінде психологтармен жұмыс істейді.

«Scratch» курсының 17 жастағы студенті Фархат Құрманханның айтуынша, онлайн форматтағы курс ерекше әсер сыйлаған.

Болашақта мұндай курстардың офлайн форматта өткенін қалаймын. Бұл сабақтарда өзіме сенімді бола бастадым және жаңа таныстар мен қарым-қатынастардан қорқуды доғардым. Бұған дейін бағдарламау туралы ештеңе білмейтінмін. Мен үшін алғашқы тың білім болды. Әртүрлі адамдармен сөйлесуді үйрендім және оларды түсінуге тырыстым. Менің ойымша білікті программист бола аламын, - деді Фархат Құрманхан.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, «Leader Z» екі кезеңнен тұрады.

Біріншісі,  оқушылардың бойындағы күшті жақтары мен қабілеті анықталып, жеке бейнесі бақыланады. Екінші кезеңде негізгі компьютерлік дағдылар, яғни браузер, электрондық пошта, қосымшалар және бағдарламалар секілді сабақтар оқытылады.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, жоба елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға басымдық берген. Мұнда 13 пен 19 жас аралығындағы ерекше жасөспірімдерге ақысыз көмектеседі.

Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Қазақстанда ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар саны өсіп келе жатқанын айтқан еді.  Бұл жерде айтқым келетіні, мамандандырылған ұйымдардың жұмыс істейтін қолданыстағы қағидалары ескірілген. «Leader Z» жобасының мақсаты сол, балаларға олардың өмірі қызықты болуы мүмкін екенін және де емдеу, оңалтумен қатар кәсіби дамудың да қажет екенін түсінуге көмектесу. Төрт қабырғада қамалмай сыртқа шығып, үрей мен кедергілерді еңсеру,  үнемі оқу және даму қажет, - деп атап өтті «IteachMe» қорының директоры Захира Беғалиева. 

Сонымен қатар Беғалива бұл жобаның әлі де жалғасатынын айтты.

Оқудың екінші кезеңіне 100-ден астам баланы жинаймыз деп отырмыз. 6 ай бойы онлайн түрде бірінші рет ұйымдастырылды. Оқытудың офлайн форматында қарастыратын боламыз, - деді «IteachMe» қорының директоры. 


Фото: Бақытжан БАТЫРХАНҰЛЫ
Загрузка...