Бас жаңалықтар
Тоқаев. Пресс-портрет
08 Мамыр 2019, 15:08 1071

Тоқаев. Пресс-портрет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарихымыздағы екінші президенттің сырын білу бізге сын. Бірақ азулы саясаткерлердің ақпарат кеңістігіндегі ертеректегі айқын іздеріне үйреніп қалған оқырманға, Тоқаевтың реномесін ең болмаса өзі үшін қалыптастыру қиын. Себебі жедел ақпарат ағынында тек жанжалдармен шендескен есімдер ғана есте қалады, ал Тоқаевтың аты бірде бір атышулы оқиғада жоқ. Бұл жайт оның оппоненттерін де абдырататын сияқты.

Макиавелист емес

«Саясаткердің бар сипаты - айлакерлік» деген Макиавели саяси қайраткерлердің нешеме толқынына пір болды. Сондықтан ба, қоғамда саясат көкжиегінде пайда болған қайраткерлерді «қу ма, қу емес пе?» деп бағалау басым. Және сенсеңіз, «айлакер» деген баға — саясаткерлер үшін комплимент болып есептеледі. Қарапайым адамдар үшін айта алмаймыз, бірақ бұл қасиетті — қаржылық топтар, түрлі мүдде өкілдері ұнататыны рас. Себебі оларға — өздерінің салымдарына кепілдік беретін адам керек. Қалғаны, яғни халық — кейін.

Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек жолынан бірде-бір — екі жеп биге шығу, аппараттық ойындарда айласын асыру көріністерін байқамаймыз. Тіпті тәуелсіздігімізді алғаннан бері ресмиетке диаметрал кері бейне жасап келе жатқандардың публицистикасында да Қасым-Жомарттың есімі мүлдем дерлік жоқ. WikiLeaks-те, «Панама қағаздары» да Тоқаевтың болжалды оппоненттеріне беретін мардымды ештеңе көрсетпеді. Сонда қалай, саяси Олимпке қулықсыз шығуға да бола ма?

Тоқаевтың мысалынан көріп отырғаныңыздай, болатын болып тұр.

Бізде Тоқаевтың қым-қуыт графигінен саңылау тауып, «бұл қалай болды?» деп сұрауға мүмкіндік жоқ. Бірақ өзінен сұрасақ, қазымырланып:

- Жай, өзіңе сеніп тапсырылған жұмысты адал орындау керек — дегенге келетін қысқа да түсінікті жауап беруі әбден мүмкін.

Әйтпесе берілген жұмысты тиянақты атқаруды да — саяси әккілік деп қорытуымызға тура келеді.

Бизнес әлемі шуламады

Мемлекет басшысының ауысуы — елдегі ірі бизнестен бастап, трансұлттық корпорациялардың ішін тартып тынатын мезет. Бұл түрлі елде түрлі сипатта болады. Бір елдерде ірі бизнесмендер мен, іс насырға шапса бірінші таяқ жейтіндер - аэропорттарда ұшақтарын оталдырып қояды. Бізде болса, 19 наурыз күні бизнесмендер халықаралық банк жүйесінде миллиондаған долларлық транзакция жасауға «Ok, i accept!» деген түймені басуға дайын болғандарына күмән жоқ. Бизнес — саяси тұрақтылықтың лакмус қағазы. Болашақтың ауанын бірінші сезуге міндетті.

Ендеше, Назарбаев өз өкілетін тоқтатқаннан кейінгі бизнес әлемінің бейнесіне қарасақ — бизнесмендер «Cancel» дегенге ұқсайды. Оған сол күннен бергі валюта саудасынан бастап, еліміздегі халықаралық институттардың қылығы куә. Жаппай қаржы миграциясы болған жоқ. Саққұлақ S&P мен Moody's еліміздің қаржылық рейтингін шұғыл қайта қараған жоқ. Бағалар ұшпады да, түспеді де. Бұл бір нәрсені аңғартады: құлағы қарапайым адамнан ұзындау бизнес әлемі екінші президенттен кепілдік көре алды.

Шәкірт болды, бірақ әріптес те болды

Тоқаевтың өткен-кеткенін жапа-тармағай жазу кезінде оның тұлғасын — Елбасы саясатының аясында ғана қарастыру басым болды. Ал дербес саяси тұлға ретінде қарап көруге мән берілмеген сияқты.

Тап сол уақытта, оның тәжірибе қоржынындағы — МГИМО мектебі, Қытай портфолиосы, БҰҰ кейстері, және ең бастысы — Назарбаевтың шәкірті екені кеңінен айтылды. Осылардың өзі — бір адамның саяси портретін жасауға жеткілікті еді. Бірақ шәкірттің сонымен бірге — әріптес болуы да мүмкін екені «сарапшылардың» есінен шығып кеткен сияқты.

Рас, Қасым-Жомарт Тоқаевты қалыптасып қалған - «оңшыл», «солшыл», «ымырашыл», әлде «бірбеткей» деген сияқты саяси портрет шаблондарының біріне сала салу қиын. Және оның кім екенін алдымен — 11 мамырда жариялайтын тезистері, одан қалды — 9 маусым күнінің нәтижесі көрсетеді. Сәуегейлер мен елдің болашағына алаңдайтын баршаға осы күндерді күтуге тура келеді.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық