Тоқаевтың Қытайға алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық барысы талқыланды

16 Тамыз 2019, 10:10
2081
Бөлісу:
Тоқаевтың Қытайға алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық барысы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚХР СІМ-де Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға бірінші мемлекеттік сапарына қатысты дайындық сұрақтары талқыланды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Лэ Юйчэнмен кездесті.

Министрліктің мәліметінше, тараптар екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешектерін, сондай-ақ жоғары және биік деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бағыттарын талқылады.

"Ерекше назар 2019 жылғы қыркүйек айында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне аударылды. Өз кезегінде, қытайлық дипломат мемлекет басшысының Қазақстан-Қытай қатынастарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, осы жылдың екінші жартысында өткізілуі жоспарланған көпжақты халықаралық іс-шаралар күнтізбесі мен өзара сапарлар кестесі талқыланды.

"Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жан-жақты стратегиялық әріптестігінің оң серпінін сақтау мақсатында саяси, парламентаралық, партияаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық тұрақты байланыстарды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", - деп хабарлады СІМ-де.

Өзгелердің жаңалығы