Бас жаңалықтар
Тоқаев туған күнін қалай атап өтеді?
16 Мамыр 2020, 13:38 1394

Тоқаев туған күнін қалай атап өтеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында көпшіліктің көкейінде жүрген Қасым-Жомарт Кемелұлының туған күнінің атап өтілуіне қатысты сұраққа жауап берді.

Соңғы күндері бірқатар ақпарат құралдарының өкілдері "Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?" деген сауал жолдап жатыр. Биылғы 17 мамыр жексенбі күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы үйінде жұмыс істейді. Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді. Тіпті, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды, - деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұл күнді мүлдем тойламайтын көрінеді.

Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған, - деді Берік Уәли.

Президенттің баспасөз хатшысы туған күнге орай көршілес елдер басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп жатқанын айтты. 

Дегенмен, ертең Қасым-Жомарт Кемелұлын туған күнімен көршілес мемлекеттердің басшылары телефон арқылы құттықтайды деп күтілуде. Қазірдің өзінде көптеген Мемлекет және Үкімет басшыларының, Парламент төрағалары мен халықаралық ұйым жетекшілерінің құттықтаған жеделхаттары келіп жатыр. Мұндай құттықтаулар әлі де келе бермек, - деді Уәли.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...