Тоқаев: Наурыз – жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды

21 Наурыз 2019, 23:39
3551
Бөлісу:
Тоқаев: Наурыз – жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесімен халықты құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрметті қазақстандықтар! Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.

Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.

Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.

Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.

Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам.

Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халық даналығы. 

Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.


Өзгелердің жаңалығы