Бас жаңалықтар
Тоқаев Мюнхен конференциясына қатысты
18 Ақпан 2019, 11:24 397

Тоқаев Мюнхен конференциясына қатысты

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 15-17 ақпанда Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Әлемдік саясаткерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бас қосатын беделді форумда дәстүр бойынша жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің ең маңызды мәселелері талқыланды. Таяу Шығыс, Балқан мен Кавказда бейбітшілікті қамтамасыз етудің келешегі пікірсайыстың басты назарында болды. Жекелеген сессиялар халықаралық сауда, қару-жарақты бақылау, климат өзгерістері мен кибертехнологияның қауіпсіздік жағдайына әсеріне арналды.

Конференцияда мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, парламенттер төрағалары, халықаралық ұйымдардың көшбасшылары, ықпалды сарапшылар сөз сөйледі. Шараға мемлекеттер мен үкіметтердің 35 басшысы, 50 сыртқы істер министрі, 30 қорғаныс министрін қосқанда барлығы 600-ден астам делегат қатысты.

Сенат төрағасы бірқатар панельдік сессияға және «Трансұлттық қауіпсіздік» тақырыбына арналған дөңгелек үстелге қатысты. Мүдделі пікірталастың жалпы қорытындысы бойынша қазіргі кезде орталығы Біріккен Ұлттар Ұйымы болып табылатын халықаралық тәртіп барша адамзаттың бірлескен жауабын талап ететін аса маңызды қатерлермен бетпе-бет келіп отырғаны мойындалды.

 

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының Баспасөз қызметі

 

 

Сізден жаңалық