Тоқаев конституциялық реформа не үшін қажет екенін түсіндірді

5 Мамыр 2022, 20:07
1795
Бөлісу:
Тоқаев конституциялық реформа не үшін қажет екенін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған үндеуінде айтты.

Мен биыл өзімнің Жолдауымда ауқымды саяси бағдарлама ұсындым. Бұл құжат қоғамда жан-жақты талқыланды. Сарапшылар қауымы және белсенді азаматтар осыған қатысты және өз пікірін білдірді. Қалың көпшілік қолдау көрсетті. Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты- саяси жүйемізді түбірімен өзгерту.  Бұл халықтың көпжылғы талап тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет,-деді ол.

Мемлекет басшысы конституциялық реформа жасау керек.

Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді.Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар,-деді Тоқаев.

Ол атағандай, Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді.

Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс,-деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы