Қылмыстық топ мүшесі ретінде іздеуде жүрген екі барымташы қолға түсті

1 Сәуір 2019, 20:40
2622
Бөлісу:
Қылмыстық топ мүшесі ретінде іздеуде жүрген екі барымташы қолға түсті

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері бұған дейін мал ұрлығын жасағаны әшкере болған екі барымташыны ұстады. Олар мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілініп, іздеу жарияланған болатын.

Қылмыстық топтың құрамында 11 адам болған. Олар былтырғы жаз және күз айларында Жамбыл ауданы аумағында өздерінің жымысқы әрекеттерін іске асырған. Ұйымдастырылған арнайы жедел іс-шаралар нәтижесінде биыл жыл басында тәртіп сақшылары ұрылар тобының 8 мүшесін қолға түсірді. Оларға мал ұрлығының 7 дерегі бойынша 547 қой ұрлады деген айып тағылып, дәлелденді. Ұсталған күдіктілерді аудандық сот қылмыстық жауапкершілікке тартты. Ал, із суытып, қашып кеткен 3 күдіктіге қатысты республикалық іздеу жарияланды.

«Қылмыстық топ көршілес Жамбыл облысының тұрғындарынан құралған. Қазір тағы екі мүшесі ұсталды. Оның бірі дәлелденген эпизодтармен қатар, 2017 жылы 6 жылқының ұрлануына қатысы бар болып шықты. Жылқылар зардап шеккен фермерге қайтарылды. Анықталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары бөлек өндіріске алынды. Екі күдікті де 1982 жылы туған. Олар Жамбыл ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары кезінде күдіктілердің бұдан өзге де қылмыстарға қатысы бары тексеріледі»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер қолды болған кейбір малды тауып, оларды заңды иелеріне қайтарды. Негізінен, ведомство өкілдері келтірілген материалдық шығынның өтелгенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы