Төлеутай Рақымбеков: Екі айға жуық уақыт маған жеткілікті болды

9 Маусым 2019, 10:31
2271
Бөлісу:
Төлеутай Рақымбеков: Екі айға жуық уақыт маған жеткілікті болды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде орналасқан №52 сайлау учаскесіне «Ауыл» партиясы атынан ҚР президенттігіне үміткер Төлеутай Рақымбеков келіп өз таңдауын жасады. 

«Менің пікірімше еліміздегі барлық партиялар кез келген сайлауға дайын болу керек. Ал, дайын болмаған партиялар бір жыл уақыт берсе де дайын болмайды. Екі айға жуық уақыт маған жеткілікті болды. Осы уақыт аралығында мен 17 өңірді аралап шықтым. Жалпы алғанда, халықтың көңіл-күйі жақсы. Әрине, өңірлердің жол, су, мектеп, аурухана секілді көптеген әлі де шешілмеген мәселелерімен таныстым. Алдағы уақытта осы бағдарламам бойынша жұмыстар жасайтын боламын», - дейді «Ауыл» партиясының атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков.

Өз таңдауын жасаған кандидат журналистердің сұрағына жауап беріп, бүгінгі сайлаудың маңыздылығына тоқталды. 

«Көңіл-күйім керемет көтеріңкі. Бүгін  мен үшін ғана емес, барша Қазақстан халқы үшін маңызды күн. Бүгін халық өзінің болашағын таңдайды. Сондықтан барша халықты сайлаушы ретінде өз таңдауларын дұрыс жасауға шақырамын. Сайлау әділ өтсін деп тілеймін», - деді кандидат.
 

Сондай-ақ, Төлеутай Рақымбеков дауыс беру учаскесіне жұбайы Салтанат пен қызы Ғалия және екі немересін ертіп келді. 
 

«Мен бүгін кәмлеттік жасқа толмаған екі немеремді әдейі ерітіп келдім. Еліміздегі демократия мен еркіндікпен кішкентай кезінен бастап таныса берсін. Күнделікті үйде айтқан бөлек, көзбен көрген бөлек», - деді кандидат.
 

Өзгелердің жаңалығы