Токио Олимпиадасындағы жағдайдың қайталанбауы үшін не істеу керек? – депутат министрге сауал жолдады

23 Қыркүйек 2021, 15:27
4767
Бөлісу:
Токио Олимпиадасындағы жағдайдың қайталанбауы үшін не істеу керек? – депутат министрге сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Нұржан Нұрсипатов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы жайында сауал жолдады.

Депутат қазақстандық спортшылардың Токио Олимпиадасындағы нәтижелері спорт саласына реформа қажет екенін көрсеткенін атап өтті.

Президент бұқаралық және балалар спортын дамытуға назар аударып, әлемдік аренада биік табыстарға жетуге ұмтылу керегін айтқан болатын. Париждегі келесі ойындарда еліміздің үмітін ақтайтын нәтижелерді көрсету үшін Токио Олимпиадасынан сабақ алуымыз керек. Осыған байланысты еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан биылғы Олимпиадада ұлттық құрамының дайындығы туралы толық есеп беріледі деп үміттенемін, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, Қазақстанда балалар спорты мен дене шынықтырудың жаппай құбылысқа айналуына және жалпы кәсіптік білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қорғаныс, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік салаларында маңызды орынға ие болатынына қол жеткізу керек.

2022 жылдың 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Яғни олардың басталуына бес айдан аз уақыт қалды. Қазақстандықтар өткен жазғы Олимпиаданың нәтижесін қайталағысы келмейтініне сенімдімін. Осыған байланысты алдағы ойындарға дайындық деңгейі қандай? Токиодағы жағдайдың қайталанбауы үшін не істеу керек? Біздің «қысқы» құраманы іріктеу, жаттықтыру және қаржыландыру жұмыстары қалай жүргізіледі, деген сұрақтар туындайды, - деді сенатор Нұржан Нұрсипатов.
Өзгелердің жаңалығы