Токио-2020: Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина туралы не білеміз?

28 Шілде 2021, 17:50
4233
Бөлісу:
Токио-2020: Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елена Рыбакина 1999 жылы 17 маусымда Мәскеуде дүниеге келген. Оның туған сіңлісі Анна екеуі кішкентай кезінде көркем гимнастикамен және мәнерлеп сырғанаумен айналысқанды ұнатқан. Әкесі 6 жасында алғашқы рет теннис алаңына әкеліп, үлкен спорт түрімен таныстырған. Ракеткамен доп қуалайтын ойын Еленаның көңілінен шығып, бала кезінен тенниске деген қызғушылығы артқан.

Өзінің сұхбаттарында Елена Рыбакина басқа спорт түрлеріне бармағаны дұрыс болғанын айтады. Себебі ол бала кезінде қызығушылық танытқан көркем гимнастика жаттығулары үшін бойы тым ұзын екенін алға тартады. Спортшының қазіргі бойы – 184 см.

Мектеп жасында әке-шешесі теннисті тек хобби ретінде қарап, қызының сабаққа көңіл бөлгенін қалаған.

Ұзақ уақыт бойы теннисшінің өмірінде жеңісті сәттер көп болмады. 2017 жылы Елена ВТБ Кремль кубогінде дебют жасады. Сол кезде оның талантына «Үлкен дулыға» кубогінің екі дүркін жеңімпазы Евгений Кафельников назар аударған еді.

2018 жылдың маусым айында Елена спорттық азаматтығын өзгертіп, Қазақстан теннис құрамасының сапына ауысты. Жаттықтырушысы болып хорват Стефано Вуков тағайындалды. Содан бері оның мансабы күрт ілгерілей түсті.

2020 жылдың басында Елена WTA турнирлерінің төрт финалдық ойынында өнер көрсетіп, олардың бірін жеңіп алды. Бойжеткен әлемдік теннисшілердің топ-20 қатарына енді. Бұл қазақстандық ракетка шеберлері үшін айтулы жетістік еді.

2021 жылы маусымда Ролан Гаррос турнирінің 1/8 финалында Рыбакина тәжірибелі және үздік америкалық Серена Уильямсты екі сетте жеңіп шықты. Өкінішке қарай, ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченковаға жол берген болатын.

Былтыр Елена Рыбакина кәсіби теннистен бөлек қандай іспен айналысатынын туралы Prosports.kz сайтына берген сұқбатында айтқан болатын.

Мен жануарларды жақсы көремін. Менің Мулия есімді итім бар. Үйде болған кезде достарыммен уақыт өткізген ұнайды. Менің нақты бір айналысатын хоббиім болды деп айта алмаймын. Мектепте жүрген кезде басқа нәрселерге уақытым жетпеді. Тек сабағыма көңіл бөліп, жаттығумен айналыстым. Егер қазір бос уақытым болса, оны әрдайым отбасыммен және достарыммен өткізсем деймін. Өйткені былтыр мен ұзақ уақыт үйде болған жоқпын. Жарыстарға бару керек болған соң араға кейде үш-бес күн салып үйде болмайтынмын. Бұл мен үшін жаңа кесте. Бұрын осындай көп турнирлерде ойнаған емеспін, - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қазақстандық теннисші Токио-2020 Олимпиадасына қатысуда. Ол әлемнің тоғызыншы ракеткасы саналатын испаниялық Габринье Мугурасоны жеңіп, ширек финалға жолдама алып отыр. Небәрі екі сетке созылған кездесуде Елена Рыбакина 7:5, 6:1 есебімен баса озып, жеңіске жетті.

Токио-2020: Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина туралы не білеміз?

Енді финалға шығу үшін ол рейтингте 12-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичке қарсы матч өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы