Токио-2020. Бас бапкер: Балуандар кілемде жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамады

2 Тамыз 2021, 10:00
2099
Бөлісу:
Токио-2020. Бас бапкер: Балуандар кілемде жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл күндері Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен бәсекелер жалғасып жатыр. 

Қазақстан сапынан кілемге шыққан қос балуан да қарсыластарына алғашқы айналымда жол берді. Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов шәкірттерінің жеңілісін жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағанымен түсіндірді.  

Кеше Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ істеп, өз қатесінің кесірінен қарсыласына жол берді. Бізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен, біздің тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ.  

Бүгін Демеу Жадыраев белдесуді ұпай санымен жеңіп тұрған болатын. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керегін айттық. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық.
Ертең Нұрсұлтан Тұрсынов белдеседі. Күрестің қандай болатынын кілем көрсетеді, - дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.   

Оlympic.kz мәліметінше, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіде Демеу Жадыраев қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Ертең, 3 тамыз күні 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күресетін болады. 

Өзгелердің жаңалығы