Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді

18 Мамыр 2021, 11:33
731
Бөлісу:
Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Жиынға Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысады, - деп жазды ол.

Сонымен қатар отырысқа Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысады деп жоспарлануда.

Онлайн режимде өтетін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ортамерзімді перспективадағы міндеттер қарастырылады.

Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі интеграциялық ықпалдастыққа және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді реттеуге баса мән беріледі.

Өзгелердің жаңалығы