Тоқаевтың сынынан кейін Шымкенттегі шенеунік қызметінен қуылды

2 Наурыз 2021, 18:06
6205
Бөлісу:
Тоқаевтың сынынан кейін Шымкенттегі шенеунік қызметінен қуылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қос азаматтығы болғаны үшін Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Олег Почивалов қызметінен босатылды.

Желтоқсан айынан бері Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар екендігі туралы айтыла бастаған болатын. Ақпан айында Шымкент қаласының полиция департаменті Почиваловтың Қазақстанмен қатар Ресей Федерациясының да азаматтығы бар екендігін анықтаған. Сосын ол Қазақстан азаматтығынан айырылды. Почивалов бұл шешіммен келіспей, Шымкент полициясына шағым түсірді. 22 ақпанда сот шенеуніктің бұл талабын қанағаттандырмады. Алайда соған қарамастан ол қызметінде қала берді. 

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерге жазаны қатаңдату қажет деген болатын.

Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мәселе. Өйткені ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет,  - деген еді Тоқаев.

Дәл Президенттің жиын өткізген күні Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысын қызметінен босату туралы бұйрыққа қол қойған.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов шет мемлекет азаматтығының болуына байланысты 2021 жылдың 25 ақпанынан бастап қызметінен босатылсын, - делінген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қол қойған бұйрықта.
Өзгелердің жаңалығы