Бас жаңалықтар
Тоқаевқа Кадрлық резервтің II іріктеуіне дайындық жұмыстары туралы ақпарат берілді
04 Желтоқсан 2020, 15:51 113

Тоқаевқа Кадрлық резервтің II іріктеуіне дайындық жұмыстары туралы ақпарат берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдады, деп хабарланды Ақорданың ресми сайтында.



Мемлекет басшысына Агенттіктің биылғы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары және Президент тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың басында өтетін Президенттік кадр резервінің екінші іріктеуіне дайындық жұмыстары туралы ақпарат берілді. Іріктеуден 50 адам өтеді. Анар Жайылғанова үміткерлерге қойылатын критерийлер мен біліктілік талаптарының күшейтілгені туралы айтты. Резервті жасақтау кезінде қоғамдық мүдделерді негізге алатын тұлғаларға басымдық беріліп, өзгерістер жөнінде нақты тәжірибесі бар заманауи басшыларды анықтауға мән беріледі. Мемлекет басшысы ең үздік үміткерлерді таңдау үшін іріктеу жұмыстарын сапалы әрі ашық өткізудің маңызды екенін атап өтті, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесін жетілдіру ісіне де тоқталды. Оның айтуынша, осы бағыт аясында басшылық және атқарушылық қызметтерге қойылатын құзыреттерді анықтау үшін тестілеу емес, сұхбат өткізу ұсынылып отыр. Бұл іріктеудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Президентке мемлекеттік аппаратты қысқарту, мемлекеттік саяси қызметті кәсібилендіру, мемлекеттік басқару үдерісін цифрландыру жөніндегі жұмыстар туралы да баяндалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Жайылғановаға Агенттік жұмысының негізгі бағыттары бойынша тапсырмалар берді. 


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...