Тоқаев жаңа оқу жылында оқытудың бұрынғы жүйесіне көшуді тапсырды

10 Шілде 2021, 13:45
3672
Бөлісу:
Тоқаев жаңа оқу жылында оқытудың бұрынғы жүйесіне көшуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сәтте өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде айтты. Жиында білім беру саласындағы маңызды мәселелерге де тоқталған Мемлекет басшысы жаңа оқу жылында көштен қалып қоймау қажеттігін ескертіп айтты.

Әлемді жайлаған індеттің экономикаға ғана емес, білім беру саласына да оңайға түспегені айтпаса да түсінікті.

Пандемия оқушылар мен студенттерге кері әсерін тигізді. Өткен оқу жылын онлайн түрде аяқтасақ, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз қажет. Сол үшін оқытудың бұрынғы жүйесіне көшуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Жаңа штамм пайда болғалы елдегі ахуалға алаңдаушылық білдірген Президент індеттің келтірген қиындықтарына назар аударды. Оның айтуынша, қауіпсіздікті барынша сақтап, оқушылар мен студенттердің білім алуына жағдай жасау керек. Індетпен күресте вакцинациялану айрықша маңызға ие деп отыр.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Pfızer екпесіне де тоқаталғанын жазған болатынбыз. Рfızer вакцинасының жеткізілуі тиіс дозасының елге келмеуіне тоқталған Президент Үкіметті, Президент әкімшілігін және лауазымды тұлғаларға препараттың неліктен жеткізілмегендігін бақылауға алуды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы