Тоқаев Тәжікстан Президентін құттықтады

9 Қыркүйек 2021, 12:14
3420
Бөлісу:
Тоқаев Тәжікстан Президентін құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентіне жеделхат жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзінің және барша қазақстандықтардың атынан Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, сондай-ақ бүкіл тәжік халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

Бауырлас Тәжікстан бұл айтулы күнге халықаралық аренада маңызды рөл атқаратын беделді мемлекет ретінде жетіп отыр. Құрметті Эмомали Шәріпұлы, әлемдік қауымдастық Сізді мемлекеттілікті нығайтуға және ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға үлес қосқан, нағыз жалпыұлттық көшбасшы ретінде таныды, – деп жазды Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тәжікстанмен ғасырлар бойғы достықты, өзара қолдау мен жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген байланыстарды нығайтуға баса мән беретінін атап өткен.

Біз өзара күш жұмылдыра отырып, елдеріміз арасындағы көпжақты ықпалдастықтың қарқынды дамуына тың серпін бере аламыз және қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының көкжиегін кеңейтеміз, – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тілеп,  бауырлас Тәжікстан халқының  өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.


Өзгелердің жаңалығы