Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді

18 Қараша 2021, 15:31
876
Бөлісу:
Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толатынын атап өтті. Осыған орай елордада форум өтеді.

Биыл - Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Қазақстан өз еркімен ядролық қару-жарақтан бас тартты. Бұл шешуші қадам Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуына зор үлес қосты. Еліміз жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының қатарына қосылды, - деді Президент.

Тоқаев атағандай, Елбасының ұсынысы бойынша ядролық қарусыздануға арналған әлемдік форумды әзірлеу қажет.

Келесі жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толады. Осыған орай, елордамызда осы форумның VI саммиті өтеді. Бұл жиынды ұйымдастыру үшін Сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқаруы керек. Біз бұл кеңесті біртіндеп құрлықтағы қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көздейміз, - деп атап өтті Президент.

Оның сөзінше, Қазақстан дипломатиясы көптеген мәселені, тіпті аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мәміле арқылы шешуге мүдделі. Бұл тәжірибе жылдар бойы қалыптасқан және оң нәтиже көрсеткен.

Еліміз мемлекетаралық және азаматтық қақтығыстарды реттеу үшін бітімгерлік бастамалар ұсынып жүр. Сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп, өркениеттер үндестігін орнатуға күш салуда. Осының бәрін шетелдік әріптестеріміз жоғары бағалап, жан-жақты қолдау білдіруде, - деп айтты Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыста.
Өзгелердің жаңалығы