Бас жаңалықтар
Тоқаев Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жаңадан тағайындалған арнаулы өкілді қабылдады
07 Сәуiр 2021, 19:05 476

Тоқаев Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жаңадан тағайындалған арнаулы өкілді қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі өзінің жаңадан тағайындалған Арнаулы өкілі Ержан Қазыхановпен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің құрылымында осы жаңа лауазымның бекітілуі жаһандық және өңірлік күн тәртібінің жылдам өзгеруі кезінде халықаралық ынтымақтастық мәселесіне ел басшылығы тарапынан ерекше назар аударылатынын атап өтті.


Президент Арнаулы өкіл қызметінің басты басымдықтары ретінде COVID-19 пандемиясының ауыр салдарын еңсеру, ұлттық экономиканы және әлеуметтік саланы жедел қалпына келтіру мақсатында сыртқы ресурстарды тарту үшін шетелдік әріптестермен тығыз байланыстарды арттыру қажеттігіне тоқталды.

Осыған байланысты кездесуде цифрлық және жасыл технологияларға баса мән беріліп, озық инвестициялық жобаларды іске асыруда, көпжақты қаржы-экономикалық ұйымдармен ынтымақтастықты арттыруда, Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жаңартылған әлемдік сауда архитектурасын қалыптастыруда Қазақстанның белсенді атсалысуы қажет екеніне назар аударылды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Ержан Қазыхановқа гуманитарлық сала, климат дипломатиясы, сондай-ақ, Қазақстанның негізгі сыртқы саяси бастамаларын ілгерілету сияқты халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды міндеттер жүктелді.

Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында отандық және шетелдік зерттеу орталықтарымен, Қазақстанның азаматтық қоғамымен кері байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Президент Сыртқы істер министрі, Президент көмекшісі, БҰҰ және ЕҚЫҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі, Австриядағы, Ұлыбритания мен АҚШ-тағы елші сияқты жауапты қызметтердегі жұмыс тәжірибесі Е.Қазыхановқа өзіне жүктелген жаңа міндеттерді абыроймен атқаруға септігін тигізетініне сенім білдірді.



Фото: дереккөз
Загрузка...