Тоңып қалған елорда тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақ таратылуда

7 Ақпан 2019, 20:21
2250
Бөлісу:
Тоңып қалған елорда тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақ таратылуда

Астана, BAQ.KZ. «Сарыарқа» ауданы әкімдігі кәсіпкерлермен және «Астана жастары» ресурстық орталығымен бірлесіп, аялдамаларда, көшеде ыстық шай мен бауырсақ таратуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты игілікті істер жасау жалғасуда. Игі істерді «Сарыарқа» ауданы кәсіпкерлерінің бірі жалғастырды. Қазақтың ұлттық тағамдарының фуд-трэгі My Baursaq «Астана Жастары» еріктілерімен бірге тоңып қалған тұрғындарға ыстық шай мен жаңа піскен бауырсақтарды беріп, шынайы жылулық сыйлады.

«Кейінгі уақытта жақсылық жасау туралы айтылып жүрген соң, жақсылық жасап жүргендердің де саны артып келеді. Ол, әрине, осы күндері жақсы қолдау табуда. Біздің ауданымыздағы кәсіпкерлердің көбісі жақсылық жасау науқанына өз үлесін қосуда. Олар адамдардың жылынуы үшін ыстық шай мен бауырсақ үлестіруде. Жақсылық жасау ары қарай да жалғасын табады деген ойдамын. Бұл біздің ізгі дәстүрімізге айналсын!», – деді «Сарыарқа» ауданының баспасөз хатшысы Бибігүл Абыддин.

Ауданда тонған жандардың бойын жылытуға арналған бірнеше орын бар. Сол жерлерде азаматтарға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылуда. Олардың арасында «Дәулет» СҮ ауданы, Арман ауданындағы «Арман» дүкені, «Астықжан» СҮ, «Рахмет» СҮ, «Саянұр», «Көктем», «Шапағат», Алтай» базарлары, Қосшығұлұлы көшесіндегі «Евромолл», «Солтүстік» ОСО, сондай-ақ, Технопарк ауданы, «Әсем», «Сарыарқа» базары, «Сәлем» дәмханасы бар.

Ал еріктілер #жақсылықжаса #делайдобро акциясын жалғастыруда. Әлеуметтік желілерде адамдарды тегін жеткізіп салу және көлікті қыздыруға көмек ұсынып жатқандар көп.

Өзгелердің жаңалығы