Тоқаевтың шетелдік іс-сапарлары сайлауға түсуіне кедергі келтірмейді

10 Сәуір 2019, 14:02
2835
Бөлісу:
Тоқаевтың шетелдік іс-сапарлары сайлауға түсуіне кедергі келтірмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 маусымда өтетін президент сайлауына түсуіне шетелге жасаған іс-сапарлары кедергі болмайды.

ҚР Парламент Мәжілісінің кулуарында Әділет вице-министрі Наталья Пан президент сайлауына түсетін үміткерлерге қойылатын талаптарда шетелдік іс-сапарлар туралы пункт жоқ екенін айтты. 

«Бұл қызметтік тұрғыдан қажет болды. Қазақстан Республикасы оны жіберді, сол себепті оны ұсынуға бөгет бола алмайды», - деп жауап берді ол.

Ал Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева қазіргі президенттің басқа дипломаттар секілді заңнамалық тұрғыдан сайлауға түсе алатынын айтты. 

«Себебі олардың елден тыс қызметі іс-сапар саналады. Мұны шетелде жұмыс істеумен салыстыруға келмейді. Барлық дипломаттар басқа да елдерде белгіленген жыл көлемінде іс-сапарда бола алады. Бұл жерде ешқандай құқықтық кедергілер жоқ», - деп жауап берді Исимбаева.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 жылы БҰҰ бас хатшысының шешімімен БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры болып тағайындалды. Сондай-ақ, қарусыздандыру конференциясында бас хатшылықтың өкілі болды. Қарусыздандыру конференциясының бас хатшысы қызметін атқарды. БҰҰ-ның Швейцариядағы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты аға лауазымды тұлға болды. 

Ол 2013 жылдың 16 қазанынан бастап ҚР Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды.
Өзгелердің жаңалығы