Тоқаев күзде Бішкекке мемлекеттік сапармен барады

21 Тамыз 2019, 12:21
1578
Бөлісу:
Тоқаев күзде Бішкекке мемлекеттік сапармен барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында өтіп жатқан «С5+1» жоғары форматтағы кездесуде ҚР СІМ Бейбіт Атамқұлов айтты.

Кездесуді ашқан Бейбіт Атамқұлов Орталық Азияның қазір жаңару дәуірінде екенін айтты. Аймақтағы тұрақты дамуға аса мән берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын да атап өтті.

«Орталық Азия – толағай мүмкіндіктер мен әлі іске асырылмаған потенциалдың аймағы. Бұл өңірде тұрақты дамуды қамтамасыз ету – біздің ортақ және қол жеткізе алатын мақсатымыз. Сондықтан Қазақстан үнемі жаһандану мен алдымызда тұрған сын-тегеуріндер, қауіптерге қарамастан, аймақтағы өзара ынтымақтастықты тиімді реттеуге тырысып келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясатында Орталық Азияға басымдық берудің негізін қалады. Ол «Қазақстан біздің аймақтағы барлық мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін, аймақтық сын-тегеуріндер мен қауіптерге тиімді қарсы күресті қамтамасыз етудегі мүддесін дамытуда жұмыс істейді» деген болатын. Елбасының бұл жолы біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтық стратегиясында жалғасын тапты. Біз көршілерімізбен саяси, экономикалық, гуманитарлық саладағы ықтымақтастығымызды дамытуды қолдаймыз. Шынында, Орталық Азия жаңару дәуірінде тұр», - деді сыртқы істер министрі.

Бейбіт Атамқұлов «С5+1» кездесуіне келген елдермен Қазақстанның ынтымақтастығына айрықша тоқталып, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күзде Қырғызстан астанасы Бішкекке мемлекеттік сапармен баратынын мәлімдеді.

«Соңғы жылдары Өзбекстанмен ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижеге қол жетті. Биыл 14-15 сәуірде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет мемлекеттік сапармен Өзбекстан астанасы Ташкентке барды. 2020 жылдың соңына дейін екіжақты тауар айналымды 5 млрд долларға жеткізу үшін үнемі негізде жұмыс жүріп жатыр. Қырғызстанмен ынтымақтастық та нығайып келеді. Президент Тоқаев Бішкекке осы жылдың күзінде мемлекеттік сапармен барады. Тәжікстанмен ынтымақтастықты дамыту жалғасып жатыр. Осы жылдың шілде айында Душанбеде Азиядағы өзара әрекеттестік және сенім шаралар келісімі саммиті өтті. Онда ел басшылары тиімді кездесу өткізді. Түрікменстанмен ынтымақтастық жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр. Еліміздің премьер-министрі Түрікменстанға ТМД Үкімет басшыларының кеңесі және Каспий экономикалық форумына қатысу үшін екі рет барды. Біз АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестігімізді дамытуға басымдық береміз. Екі ел арасындағы барлық сектор бойынша өзара ынтымақтастығымызды дамытуды одан әрі жалғастыруға уағдаластық», - деді сыртқы ведомтсво басшысы.

Қазір Нұр-Сұлтанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанның сыртқы істер министрлері және АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары қатысып жатқан «С5+1» жоғары форматтағы кездесуі өтіп жатыр.


Өзгелердің жаңалығы