Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың алдағы Қазақстанға жоспарланған сапарының маңыздылығын атап өтті.
– Біз сіздің Қазақстанға ресми сапарыңызды күтеміз. Оған жан-жақты дайындалып жатырмыз. Біздің мемлекеттер арасындағы қатынас стратегиялық сипатта құралған. Қазақстан беларусь халқының тарихын, мәдениеті мен менталитетін құрметтей отырып, сіздерге ерекше ықылас танытады,– деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Беларусь президенті алдағы Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болатынын атап өтті.
– Мен сізге ЕАЭО аясында бірлесе жұмыс істегеніміз үшін ризашылығымды білдіремін. Біздің көзқарасымыз бір. Қазақстанда сындарлы ұстаным бар. Сондықтан өзара ынтымақтастығымызды дамытуға дайынбыз. Біз екі ел арасындағы қарым-қатынастың тамырын тереңдете түсуге ниеттіміз, – деді Александр Лукашенко.