Тоқаев азаматтарды саяси көзқарастары үшін бөлмейтінін айтты

12 Маусым 2019, 12:09
4398
Бөлісу:
Тоқаев азаматтарды саяси көзқарастары үшін бөлмейтінін айтты
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өткен  Қазақстан Республикасының президентін ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев саяси көзқарастары мен  ұстанымдарына қарай ешкімді бөліп-жармайтынын айтты.

"Мен президент ретінде еліміздің әрбір азаматының мүддесін қорғаймын және ол менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары  мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұсыныстарды, бастамаларды мен алдағы уақытта міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін – ең басты міндет заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Халқымыздың болашағы үшін бірге еңбек етеміз", - деді Қ.Тоқаев.

Президент сонымен қатар қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылатынын айтты.

"Билік пен қоғам арасындағы диалогтың маңызы зор. Әр түрлі пікірлер бола береді, бірақ біртұтас қоғам керек. Сол үшін мен қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес еліміздегі ең маңызды мәселерді талқылайды. Оның құрамына бірінші кезекте жастар кіреді. Алғашқы отырыс тамыз айында өтеді", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында "Nur Otan" партиясы атынан түскен Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70, 96 % дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын. 

Еске салайық, Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге сайланады.


Өзгелердің жаңалығы