ТМД ІІМ Кеңесі. Автокөлік ұрлығы мен киберқылмыспен күрес мәселесі талқыланды

11 Қазан 2021, 19:44
2012
Бөлісу:
ТМД ІІМ Кеңесі. Автокөлік ұрлығы мен киберқылмыспен күрес мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ТМД-ға мемлекеттерннің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.

Онлайн-кездесуге Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан ішкі істер министрліктерінің және Армения полициясының, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД-дағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының және ТМД-дағы Терроризмге қарсы орталығының делегациялары қатысты.

Полиция ведомстволарының басшылары қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың басым мәселелерін қарады.

Сондай-ақ, қатысушылар COVID-19 пандемиясы жағдайындағы қылмысқа қарсы іс-қимылды, жедел ақпарат алмасуды және қылмыстарды ашу және тергеу тәжірибесін, сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы күрестегі өзара іс-қимылды күшейтуді, блокчейн-технологиялар мен криптовалюталарды пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алудағы ынтымақтастықты және тағы басқа мәселелерді талқылады.

Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша Министрлер Кеңесінің күн тәртібіне автокөлік ұрлығы және интернет-алаяқтыққа қарсы күрес мәселелері енгізілді.

Ерлан Тұрғымбаев ТМД елдері ІІМ-нің деректер базасындағы мәліметтермен өзара алмасу Достастыққа қатысушы елдердің аумағында қолды болған көлік құралдарын айдап кету, ұрлау және өткізу жолдарын тиімді ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстан ІІМ басшысы сондай-ақ отырысқа қатысушыларды ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстарды ашуда өзара іс-қимылды жандандыруға шақырып, интернет-алаяқтықтың шекарасы жоқ және азаматтарға елеулі залал келтіретінін баса айтты. Осыған байланысты, полиция ведомстволары арасында күш-жігерді шоғырландыру және тәжірибе алмасу талап етіледі, - деп мәлімдеді Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен қатар, министр өз сөзінде Қазақстанның ІІМ қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша ТМД мемлекетаралық бағдарламаларында көзделген іс-шараларды тиімді орындайтынын мәлімдеді.

Ерлан Тұрғымбаев іздестіру жұмыстары, заңсыз көші-қон, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл саласындағы белсенді ынтымақтастықты атап өтіп, әріптестерін қазақстандық полицияны реформалау барысымен таныстырды.

Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық өзара іс-қимылын нығайту жөнінде бірлескен шешімдер қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы