Өткен жылы жылыту мерзімі кезінде 5 мыңға жуық өрт тіркелді – ТЖМ

17 Қыркүйек 2020, 18:46
1463
Бөлісу:
Өткен жылы жылыту мерзімі кезінде 5 мыңға жуық өрт тіркелді – ТЖМ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Орал Әбдірахманов халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша өткізілген рейд барысында айтып берді.

Елімізде 15 тамыздан бастап қысқы мерзім қарсаңында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Аталған акцияның басты мәселесі – бұл өрт салдарынан адамдардың өміріне шығын келтірмеу және өрт сандарын азайту. Акция осы мақсатта ұйымдастырылып отыр.

Қазіргі таңда акция жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және білім басқармасы өкілдерімен, сондай-ақ ІІМ қызметкерлері және ТЖМ-лігі бірлесіп, тұрғын үй секторы арасында аула аралау жұмыстарын жүргізеді. Акция аясында ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтары үйлерінің аулаларын аралау жұмыстары жүргізіледі, - деді Орал Әбдірахманов.

Сондай-ақ қазіргі таңда республикада 123 мыңнан астам жылыту пеші бар үй анықталды. Соның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен 106 мың үйді аралау жұмыстары жүргізілді. 

Статистика мәліметтеріне тоқталатын болсақ, өткен жылы жылыту мерзімі кезінде республика бойынша 5 001 өрт тіркелді. Оның ішінде салдарынан 222 адам қаза болды. Сондай-ақ 41 мыңнан астам үйде талаптарды сақтамау жағдайлары анықталды, - деді ол.

Өрттің негізгі шығу себептері:

- Отты абайсыз қолдану;

- Жылыту пештерін қолдану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережерін бұзу;

- Электр жүйелерін монтаждау кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.

Тұрғындарға айтылатын басты мәселе - жылыту маусымы басталған кезде өздерінің жылыту пештерінің дайындығын тексеру. Ең алдымен жылыту пештерін тұтындықтарын күйеден тазалау және пештерді кішкентай балаларға қолдануға тапсырмау керек. Сонымен қатар жылыту пештерінің қатты қызатын бөлшектерден және қасындағы тұрған жанғыш материалдардың өртке қарсы арақашықтығын сақтау, - деді азаматтық қорғау полковнигі Орал Әбдірахманов рейд кезінде.
Өзгелердің жаңалығы