Өткен жылы туберкулезден 500-ден аса адам көз жұмды – Мәлік Аденов

4 Наурыз 2019, 13:31
1681
Бөлісу:
Өткен жылы туберкулезден 500-ден аса адам көз жұмды – Мәлік Аденов

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Туберкулез  дертінен көз жұматындар саны соңғы бес жылда 1,5 есеге төмендеді. 2018 жылы 500-ден аса науқас осы аурудан мерт болды. Бұл туралы Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының директоры Мәлік Аденов Алматыда өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда елімізде туберкулезбен ауыратындар саны 1,3 есе төмендеген.

«2014 жылы туберкулезбен жаңадан ауырғандар саны 11,5 мың  болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 8 мың 800-ге дейін төмендеген. Бұл ауруға шалдыққандар саны әр жыл сайын мың адамға кеміп отырғанын көріп отырмыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ бұл дерттен көз жұматындар саны да соңғы бес жылда 1,5 есеге төмендеді. 2018 жылы 500-ден аса науқас осы аурудан мерт болды»,- деді ол. 

Сондай-ақ ол, бұл ауру ауа арқылы тез тарайтынын және оны анықтау мен емдеу барлық жұртшылық үшін қолжетімді екенін айтып өтті. 

«Біз бұл ауру түрін ерте кезеңінде анықтауды және қысқа мерзімде емдеп шығуды қолға алып отырмыз. 2017 жылдан бері жаңа әдіспен емдеуді біртіндеп енгізіп келеміз. Яғни Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ұсынылған дәрі-дәрмектер және жаңа әдістер. Бұл әдістер әлем бойынша өзінің тиімділігін көрсетті. Жаңадан енгізіліп отырған дәрілер туберкулездің ауыр түріне шалдыққан науқастарға қолданылады. Барлық мамандар жаңа әдіспен емдеу жүйесіне үйретіліп, меңгеріп шықты. Сонымен қатар бұл  дәрі-дәрмектер ел бюджетінен барлық науқастар үшін сатып алынады, Үкімет бұған үлкен қолдау көрсетіп отыр», - деді ол.
 
Орталық директоры сонымен қатар,  амбулатуралық режимде емделушілерге жергілікті билік те әлеуметтік көмек көрсетіп отырғанын айтып өтті.

«Амбулатуралық режимдегі науқастардың 76% қазіргі таңда әлеуметтік көмекпен камтылған. Өткен жылы олардың әлеуметтік көмегіне 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді», - дейді ол. 

Сөз арасында ол, жыл сайын 24 наурызда Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні атап өтілетіндігін және соған орай қоғамды осы дертпен күреске тарту және оның алдын алу мақсатында бірайлық күрес шарасы өтіп жатқанын жеткізді.
Әділет МҰСАХАЕВ
Фото: Автор
Өзгелердің жаңалығы