Өткен жылы ШҚО-да 22 мыңға жуық нәресте дүниеге келген

18 Ақпан 2019, 19:24
3364
Бөлісу:
Өткен жылы ШҚО-да 22 мыңға жуық нәресте дүниеге келген

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда 21 920 нәресте дүниеге келді. Десек те, бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда бір пайызға аз. Облыс бойынша туылғандар саны төмендегеніме, Өскемен, Семей қаласы мен Жарма, Зайсан, Катонқарағай және Ұлан аудандарында көрсеткіштің өскені байқалды. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Статистика департаменті Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Асхат Өмірзақов хабарлады.

«Туылғандар санында ұлдар 51,9 пайызды, қыздар 48,1 пайызды құрайды. Нәрестелердің ішінде қазақ ұлтының үлесі 74,9, орыстар 21,3, немістер 1,2, татарлар 1 пайызды құрайды. Облыс бойынша туу коэфиценті 15,87-ні құрап, республикадағы ең төменгі көрсеткіштер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, туу бойынша бізден төмен коэфицентті Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары ғана байқатты. Ал облыс аудандарының арасында ең төменгі көрсеткіш Глубокое, Шемонаиха, Алтай аудандарына тән. Туудың жоғары көрсеткіші Тарбағатай, Аягөз, Жарма және Зайсан аудандарында байқалады», - деді Асхат Қызырбекұлы.

Халықтың табиғи өсіміне туу үрдісімен қатар өлім-жітімнің де әсер ететіні белгілі. Басқарма басшысының хабарлауынша, өткен жылы Шығыс Қазақстанда 14 224 адам қайтыс болған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1 пайызға аз. Өткен жылы көз жұмғандардың ішінде ер адамдар 53,2 пайызды, ал әйелдер 46,8 пайызды құраған.

«Облыс бойынша өлім-жітім коэффиценті 10,30-ды құрап, республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің қатарына қосылды. Бізден жоғарғы көрсеткіш тек Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана тіркелді. Өлімнің ең жоғарғы көрсеткіші Шығыс Қазақстанның Алтай, Шемонаиха аудандары мен Риддер, Курчатов қаласында байқалды», - деді жауапты тұлға.

Осылайша, халықтың табиғи қозғалысы нәтижесінде облыс бойынша өсім 7 696 адамды құрады. Табиғи өсімнің төмендеуі өңірдің өзге ұлт өкілдері басым Глубокое, Алтай, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласында байқалса, қазақ ұлты басым оңтүстік аудандарда ол оң көрсеткішті көрсетті.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы