Бас жаңалықтар
Тиынға төмендеген тарифтер
17 Қаңтар 2019, 17:42 1239

Тиынға төмендеген тарифтер

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қараша айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында елдегі тарифтерді төмендету бойынша үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл мәселе үкіметтің кезекті отырыстары мен ел өңірлеріндегі жергілікті атқарушы биліктің жиын-кеңестерінде қызу талқыланып, оны жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды. 

Жыл соңына қарай елдің барлық дерлік аймағында су, газ, жылу мен кәріздің бағасы төмендеп, бұл жөнінде аймақ әкімдері есеп беріп жатты. Алайда, кей тарифтер ел күткендей теңгеге емес, небәрі тиынға төмендеп жатқан жағдайлар да кездесуде. Мұндай төмендеу орын алған облыстың бірі – Жамбыл облысы. 2018 жылдың аяғында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тариф мәселесіне жауапты мекеме басшылары аймақта арзандаған тарифтер бойынша мәлімет берген болатын. 

«Электр энергиясын тасымалдайтын «ЖамбылЭлектрЖүйесі» мекемесінің тарифін 1 қаңтардан бастап 1,07% төмендету бойынша келіп түскен ұсынысы қаралуда. Нәтижесінде қолданыстағы тариф 5,62 теңгеден болжаммен 5,56 теңгеге төмендейді. Ал кәріз қызметі 0,4% төмендеп, 16,4 теңгеден 16,3 теңгені құрады», - деп айтылды брифингте. 

Яғни, «ЖЭЖ» мекемесі ұсынатын жылу тарифі 0,06 тиынға, ал кәріз қызметі бойынша тариф 0,1 тиынға төмендетіліп отыр. 

«Бұл мәселе бойынша бүгінгі таңда нақты шешімдер қабылданған. Сіз атап өткен «ЖамбылЭлектрЖүйесі» үшін шекті деңгейдегі тариф белгіленген. Мысалы, олардың тарифтерін қарастырмай, қосымша құн салығынсыз 2019 жылдың 01 қаңтарынан бастап 5,71 теңге болуы керек еді. Ал, бүгінде антимонополия департаментінің (Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті – агенттік ескертпесі) бұйрығына сәйкес 5,16 теңгеге тариф құны бекітіліп отыр. Яғни, 9,6 проценте төмендеп отыр», - деп түсіндірген Жамбыл облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев өңірдегі жылу тарифі тиынға төмендеп отырғаны рас екенін айтты. 

Ол Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызмет ұсынушы нысанның шығындарын қарастыру барысында бекітілген шек осы екенін атап өтті. 

«Әр жылға шекті тариф бекітіледі. Соған сәйкес, «ЖамбылЭлектрЖүйесі» мекемесінің жылу тарифі 2019 жылдан бастап 5,71 болуы керек болатын. Айта кету керек, мұнда ешқандай ішкі шығындар қысқартылған жоқ. Себебі, біз жүргізген тексеру нәтижесінде ешқандай ішкі шығын жоқ екені анықталды. Мұнда тарифті арзандату Екібастұз электр станциясының электр энергиясы бағасын төмендету нәтижесінде орын алып отыр», - деп пікір білдірді аталған департамент басшысы Ерболат Дүйсембиев.
Ақмарал Шағатай

Сізден жаңалық