Тиісті ақпарат жоқ. Депутат меморгандардың сайтына ақпарат уақытылы салынбайтынын айтты

10 Қараша 2021, 17:13
898
Бөлісу:
Тиісті ақпарат жоқ. Депутат меморгандардың сайтына ақпарат уақытылы салынбайтынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мемлекеттік органдардың интернет сайттарында уақытында ақпарат жарияланып отырмайтынын айтты.

Мәжіліс депутаты осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Оның айтуынша, 2015 жылы елімізде реформаларды, ең алдымен, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігін арттыруға бағытталған институционалды реформаны ілгерілету мен іске асыру мақсатында әзірленген ақпаратқа қол жеткізу туралы заң қабылданды. Осы заңның 16-бабында интернет ресурстарда орналастыруға тиіс ақпараттардың тізімі көрсетілген.

Сондай-ақ Конституцияның 18-бабының 3-тармағына сәйкес меморгандар мен лауазымды адамдар әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

Ақпарат иеленушінің интернет ресурсындағы жаңалықтарын жаңарту күн сайын, ал өзге бөлімдерде ақпарат алынған немесе жасалған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылуы керек. Алайда мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының мониторингі көрсеткендей, бөлімдердің көпшілігі ақпаратпен толықтырылмайды немесе ескі болады. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы бөлімінде тиісті ақпарат жоқ. Соңғы рет 2020 жылы қарашада жаңартылған. Оның орнына сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту жоба орналастырылған, - деді депутат.

Сонымен қатар Дархан Мыңбайдың мәліметінші, Ішкі істер министрлігінің интернет ресурсында стратегиялық жоспар және оны іске асыру туралы есебі, мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау қорытындылары жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет ресурсында статистикалық салалық деректер бөлімінде тиісті ақпарат жоқ. Оның орнына әзірленген нормативтік-құқықтық актілер жобалары орналастырылған.

Тағы бір жиі кездесетін мысал – Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының немесе аурухананың сайтында 375 Қаулы бойынша хабарландыру беріледі. Екінші басталу күні беріледі. Қызметкерлер хабарландыруды басынан бастап жасырады. Хабарландыру ілулі және көрінбейтін режимде тұрады. Төртінші, өтінімдерді беру күні аяқталғанда хабарландыру іске қосылады, қолжетімділігі ашылады, - деп айтты депутат Дархан Мыңбай.

Ол деректердің толықтырылмауы Электрондық үкімет порталында да байқалатынын айтты.

Ашық үкімет компоненттерін пайдаланушылар қалдырған пікірлер жауапсыз қалады немесе оларға сырғыртпа жауап беріледі. Ашық деректер порталын толтыру үнемі кешіктіріледі. Біздің ойымызша, қажетті объективті, шынайы ақпараттың болмауы шындықтың бұрмалануына әкеп соқтырады. Сондықтан жұртшылық, соның БАҚ қызметкерлері үшін объективті ақпаратқа қол жеткізу жеңіл, тез әрі тиімді болатын жағдайлар жасау маңызды, - деді депутат Мәжілісте.

Ол жоғарыда аталғандар бойынша талдау жасалып, алдағы уақытта заңсыздықтарға жол бермеу механизмін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар меморгандар ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялап отыруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы