Бас жаңалықтар
Тігінді үйренген адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ете алады – тігінші
Сұхбат EX PHOTO
22 Ақпан 2020, 13:46 1292

Тігінді үйренген адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ете алады – тігінші

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз құрақ тігу ісінің хас шебері әрі бес баланың анасы Гүлмира Уәлихан. Ол Алматыда құрақ тігу шеберханасын ашып қана қоймай, еліміз бойынша әйелдерге тігін ісін тегін үйретуде. Бір сөзбен айтқанда адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына үлкен үлес қосып жатыр. Шеберді сөзге тартып, сыры көп тігін кәсібі жайлы сұрап білген едік.

Тігін ісі қажырлы еңбекті қажет ететін кәсіп екені белгілі. Бұл іске бала кезден қызықтыңыз ба, тігін өнеріне қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз?

Мектепті жақсы оқыдым деп айта алмаймын, екімен оқыдым десем де болады. Мұғалімдердің бәрі маған шағымданатын, үй тапсырмаларын орындамайтынмын. Мектепті бітірген соң мемлекеттік грантқа түсе алмадым. Содан Павлодарға барып екі жылдық кәсіби лицейді 1 жылда жедел оқып бітірдім. Сол кезде өз қабілетімді, күш қарымымның қандай екенін түсіндім. Менің қолымнан көп нәрсе келеді екен, тек жалқау болған екенмін. Оқуымды қызыл дипломмен аяқтап, ақылы тәжірибелік жұмысқа орналастым. Ары қарай маған өмір сүру жеңіл болды. Кейін Алматыға келіп колледжге тапсырдым, оны бітірген соң есепші болып жұмыс істедім.

кура.jpeg

Кейін отбасы құрып, балалы болдық. Төрт балам болған кезге дейін арасында есепші болып жұмыс істеп жүрдім. Төртінші балама аяғым ауыр болып жүргенде инстаграмнан ресейліктер тіккен әдемі құрақ көрпелерді көрдім. Содан біз неге осындай тікпейміз деген ойға қалдым. Өйткені құрақ көрпе бізде сонау заманнан жақсы дамыған, ата-бабамыз небір құрақ бұйымдар тіккен ғой. Соны неге жаңғыртпасқа деген намыс кеудемді кернеді. Сөйтіп жүргенімде Швейцариялық тігін құрал-жабдықтарын сататын дүкенге сатушы болып кірдім. Ол жерде 3 жыл жұмыс істеп, басқарушы дәрежесіне дейін көтерілдім және көп нәрсе үйреніп шықтым. Күн сайын құрақтардың тігілу барысын зерттеп отырдым. 

Адамдармен қалай сөйлесу керек, қалай сатуға болатыны, қандай нәрселер жақсы, қайсысы сұраныста дегеннің бәрін зерделеп, күнде көріп жүрдім. Әр тігін машинкасының сипаттамасын және оның қалай жұмыс істейтінін бәрін жақсы меңгеріп шықтым. Ол жерден шығып кейін маталар сататын жерге тұрдым. Маталардың бағасын, сапалы материалдарды қайдан алуға болатынын бәрін білдім. Ол фирманың көркеюі үшін барымды салып жұмыс істедім және жоғары басшылыққа дейін өстім. Өйткені өзімнің студиям сияқты қарап, бар ынтаммен беріліп жұмыс істедім. Клиент табу жағын бәрін өзім атқарып отырдым. Соның арқасында әрең тұрған кәсіпорын жақсы дамыды. Миллиондаған табыс әкеле бастады. Сондай жағдайға жеткенде кәсіпорынның басшысы "ертең жұмысқа шықпай-ақ қой" деп, жұмыстан босатып жіберді. Өйткені оған қарағанда мен көп біліп кеттім, арамызда бәсекелестік туындап кеткендей болды.

кура1.jpeg

Қыс кезінде жұмыссыз далада қалғаным. Дегенмен күйеуім қолдау көрсетіп "өз студияңды аш, сенің қолыңнан келеді" деп демеу көрсетті. Көп ұзамай көлігін сатып, ақшасына маған тігін шеберханасын ашуға жәрдемдесті. Алғашында жалға алған орынның ақшасын ғана ақтап отырдым. Қорқақтап, клиенттерді қалай табу жағын білмедік. Уақыт өте келе бәрін үйрендік. Тігін шеберханамызда құрақ көрпе, төр көрпе, жастық, жамылғылар, махаббат көрпе деген бар, қыздың жасауы сияқты бұйымдарды тігеміз. Бірден жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салықтардың бәрін көрсетіп, заңды түрде жұмыс істей бастадым. Өйткені түрлі байқауларға, халықаралық жобаларға қатыссам деген ой болды. Оған қатысу үшін салық жағынан барлығы реттелген, заңды, таза болу керек. Кейін байқауларға қатысар кезде расымен де салық комитетінен келіп тексерді және заңды жұмыс істегенім айқын көрініп тұрды.

Бұл машақаты көп іс қой, одан жақсы ақша табуға бола ма?

Қазір қай салада болмасын жақсы ақша табуға болады. Бәрі тәрбиеге байланысты. Жақында туысқан ініміз "Гүлмира апай, қазір қандай жұмыстың табысты жоғары" деп сұрады. Оған қай нәрсені жетік білесің, содан жақсы ақша табасың деп жауап бердім. Егер сен ауланы жақсы тазалай білсең және өзгелер артық істеп, өзіңнің мықтылығыңды көрсетсең жалақың да жоғары болады. Бала кезімізде анам өз ісіңе құрметпен қара деп үйрететін. Кез-келген адам өз ісін жақсы көріп істесе, яғни кәсіби тұрғыда мықты білсе оған деген сұраныс та жоғары болады.

кура2.jpg

Сіз шеберхананы жүргізгенмен бөлек әйелдерге тігін ісін үйретіп жатыр екенсіз. Ондай қадамға баруға не итермледі?

Қазір әлеуметтік кәсіпкерлік деген трендтке айналып барады. Жағдайы жоқ адамдарға кішкене болсын бір мүмкіндіктер пайда болуда. Мені өзім әлеуметтік санатқа жатамын. Өйткені көпбалалы анамын. Алайда ешкімнен ештеңе сұрамаймын, сауатты болған соң қалай жұмыс істеу керегін және баланы қалай тәрбилеу керегін де білемін.

Менің анам нағыз әлеуметтік кәсіпкер болған адам. Жағдайы жоқ әйелдерге тігін бойынша тегін курстар өткізуім сол анамнан алған тәрбиемнің нәтижесі. Анам кезінде халыққа пайдалы істермен көп айналысты. Ол кезде әлеуметтік кәсіпкер деген ұғым жоқ еді. Екібастұздың жанында Шідерті деген елдімекенде тұрдық. Онда орыстар көп тұрды. Анам сол жерде кітапханашы болды. Ауылдағы Наурыз мейрамы сияқты мерекелік іс-шаралардың барлығын анам ұйымдастыратын. 1990 жылдары апта сайын адамдардың басын қосып, солармен жұмыс істейтін. Бір аптаны ересектерге арнаса, тағы бір демалыс күнін жастарға арнайтын. Бәрі жиналып бауырсақ пісіріп, газеттерге мақала жазып қашанда танымдық нәрселермен айналысатын. Сондай жұмыстарының барлығына ақша да алмайтын. Тағы бірде ауылдың бұзық балаларын жинап, солармен жұмыс істейді. Сотқар деген балалардың өзі анамның алдына келгенде жуасып, ақылды болып қалатын. Көбінде балаларға қызықты болсын деп қолдан түрлі бұйымдар жасататын. Қыздар жиналып қуыршаққа киім тігеміз, теріден картиналар дайындайтын едік. Яғни анам елді пайдалы іске жұмылдырып отыратын.

кура3.jpeg

Қазір мен 35-ке келіп елге бірдеңе үйрете алатын жасқа толып отырмын. Құдайға шүкір, кәсібімді аяғынан тұрғыза білдім. Енді жағдайы болмай жүрген жандарға тегін үйретуге шамам келеді. Инстаграм парақшамда көп жазылушыларым бар. Олардың бәрі қашан тегін шеберлік сағаттары өтеді екен деп отырады. Негізі тігін ісі бойынша ақылы курстарды да өткізіп тұрамын. Бірақ кейбір әйелдердің қатысуға жағдайлары жоқ, ондайларға тегін қатысуға рұқсат беремін. Тек Алматыда емес, еліміз бойынша осындай курстарды жүргізіп тұрамын. Қаладағы Алатау ауданындағы "Бақытты отбасы" орталығына барып та тігін курсын өткіздік. Оған дейін Жұмыспен қамту орталығымен жұмыс істеп, сол жерде үйреттім. Маңғыстаудағы Құрық елдімекеніне де барып үйреткен кездерім болды, Семейге де бардым. Көбінде адам қалай жиналады, солай үйретіп жүрдім. Тегін сабақтарды өткізу үшін шикізат керек, оған демеушілер іздейміз. Негізінен құрақ көрпе тігуді үйретеміз. Тігінді үйренген адам өз-өзін жұмыспен қамтамасыз етеді. Яғни үйде отырып та істей береді. Бірақ көп адамдар қазір шұқшиып отырып көрпе тіккеннен гөрі жеңіл ақша тапқанды жөн көреді.

 Қазір құрақ тігіп жатқандар қатары көп, дегенмен сіз жасаған бұйымдардың ерекшелігі қандай?

Құрақ тігу оңай жұмыс емес. Оның математика жағын білу керексің. Өлшемі жақсы шығу үшін бәрін дұрыс есептей білу керек. Кейбір тігіншілер дұрыс есептей білмегендіктен, оюдың бір ұшы кем түсіп, қисық болып кетіп жатады. Бұйымды тігіп жатқанда оның әр бөлшегінің ұсақ-түйегіне дейін өлшеммен, әдемі үйлесімде болуына мән беремін. Егер бірдеңесі дұрыс болмаса ол адамды тартпайды. Оның үстіне халықаралық көрмелерге қатысып тұрамын. Ондағылар шұқылап бір ескерту айтқан сайын соны ескеруге тырысамын. Ол неге олай айтты екен деп, өзімді қамшылай түсемін. Түс таңдауға да үлкен мән беремін. Яғни қандай зат жасасам да оның түсі, технологиясы, дизайны, орындау сапасының сапалы болуын қадағалаймын. Соңында әдемі етіп фотоға түсіремін. Оны әлеуметтік желіде пост жазғанға пайдаланамын.

кура5.jpeg

Шетелдік байқауларға, көрмелерге қатысып тұрамын деп отырсыз. Сондай жиындардың пайдалы тұстары жайлы айта отырсаңыз?

Мен "ЮНЕСКО сапа белгісі" халықаралық сертификатының иегерімін. Мұның бәрі заттарымның сапалы болғанына байланысты берілген. Шетелге шығу арқылы мен Қазақстаннан ешқайда кетпейтінімді түсіндім. Түркия, Біріккен Араб әмірліктері тағы бірнеше елге көрмеге барғанымда барлық елдер өз құндылықтарын жоғары дәріптейтініне көзім жетті. Қолөнері біздегідей болмаса да өз бұйымдарын қатты насихаттайды. Содан неге өзіміздің талай ғасырдан келе жатқан қолөнерімізді жаңғыртпасқа деген ойда қалдым. Бізде ешкімнен кенде емеспіз. Қазақ балалары қайыстан қандай әдемі заттар жасайды, мықты зергерлеріміз де көп. Тек біз өзіміздің ұлттық бұйымдарымызды жете түсінбей жатырмыз. Намыстанғаннан өзіміздің құрақ бұйымдардың керемет екенін көрсетіп, жүрген жерімде дәріптейтін болдым. Шетелден түсініп білгенім әр ел өзінің ұлттық құндылықтарын бағалау керек және соны мақтан тұтуы қажет.

кура6.JPG

Бізде ұлттық нақышта бұйым жасайтын шеберлер көп, бірақ олардың кәсібін дөңгелетіп алып кетуіне не жетіспей жатыр?

Көптеген жастарымыз аяқтан тұра алмай жатыр дегенге келсек олар маркетингті дұрыс жолға қоя алмауда. Егер маркетингті жөнге салса бухгалтерия жағын тарта алмай жатыр. Немесе клиентпен дұрыс тіл табыса алмайды, дөрекі сөйлесуі мүмкін. Бір адам шеберхананы ұстап отыруы үшін жан-жақты дамып отыруы керек. Яғни бәрінен хабары болу керек, бірақ ондайлар аз. Мен шеберхананы ашқанға дейін осы жолдың бәрінен жүріп өттім, есепшіден бастап барлығынан тәжірибем болды.

Кейде клиенттер былай істеп берші деп өз ұсыныстарын білдіріп жатады. Қарапайым адамдар жетік түсінбегендіктен қателесуі де мүмкін. Бірақ олар өздерін кәсіби тігінші сезінеді, өзіңе ақыл айтады. Сондықтан оларға «сізді түсініп тұрмын, сізге көмектесе аламын, оны былай жасасақ қалай болады» деп өзіңіз бастама жасауыңыз керек. Клиенттің айтқаны бойынша тігіп беруге де болады, бірақ ол ойдағыдай әдемі болып шықпауы мүмкін. Осы жағынан көпшілік шеберлер дұрыс тіл табыса алмай қалады.

кура7.jpg

Құрақ тіккенде ұлттық оюларды пайдаланасыздар ма әлде жаңадан ойлап тауып жатырсыздар ма?

Ою-өрнектерді ойлап таппаймыз, бұрыннан бар өрнектерді қолданамыз. Тек оның әрқайсысының мағынасын зерттеп біле бастадық. Басында бәрін қолдана беретінбіз. Оны зерттеп жүрген профессорлармен тілдесіп, үнемі кеңесіп отырамын. Олардың бірі Ерлан Қожабаев, сол кісінің дәрісіне барып қатысып тұрамын. Бір түсінгенім біздің ою-өрнек белгілеріміз сонау тәңіршілдік заманына бастау алады екен. Кезіндегі шамандар осы өрнектерді емдік әдіс, сокралды белгі ретінде қолданған. Сондықтан әр өрнектің өз мағынасы бар, оны жөн-жосықсыз көрінген жерге жапсыра беруге болмайды. Оның астарына үңілу қажет. Бұл оюлар белгілі бір руға немесе тайпаға тиесілі емес, Қазақстанның барлық жеріне ортақ. Қазір әйел адамдар қошқар мүйізді кеудесіне көлемді етіп тігіп алады. Ол дұрыс емес, қошқар мүйіз өмір мен өлім деген екі мағынада жүреді. Яғни адамдар өте ауыр белгіні арқалап жүр. Бұрынғы шапандарды қарасаңыз оюлардың көбі өсімдік тектес болып кестеленген. Ол өсіп-өнсін деген түсінікпен жасалған. Одан бөлек мағынаға толы белгілер де көп. Мәселен Еврейлердің белгісі деп жүрген Давид жұлдызы Айша-Бибі мавзалейінде бар екен. Оны зерттеген кезде екі үшбұрыш таңба екені анықталған, яғни бірі ер, бірі әйел адам, екеуі қосылғанда үйлесімдік туады. Бұл үйлесім белгісі деп аталады. Мысалы, махаббат көрпесін тігетін болсам дәл осы белгіні "отбасында үйлесімдік болсын" деген ұғыммен сала аламын. Астанада салынған ғимараттарда осындай белгілер көп, оны көбі массондардікі деп шатасып жүр. Сондай-ақ таудың белгісі бар, ол күштің ұғымы. Төрт бұрыш – тұрақтылықтың белгісі дегендей. Сондықтан әр белгіні, өрнектің мән-мағынасын білген дұрыс. Кейбір қыздар "мына сөмкеде шашбау неліктен жүр" деп сұрайды, оларға шашбаудың 9 түрі болатынын түсіндіруге тура келеді.

Тігетін маталарды қайдан аласыздар?

Заттарым негізінен екіге бөлінеді. Біріншісі омартизацияға иекемделіп жасалады. Мысалы жамылғыларға адамдар отырғандықтан үйкеледі. Міне соған төзімді, жыртылмайтын мықты матаны қолданамыз. Қытай елі Еуропа, Америкаға сапасы мықты мата шығарады, ал ТМД елдеріне дәл сол дизайндағы материалды нашарлау етіп өндіреді. Сол үшін біз, Америка, Еуропаға арнап шығарған матаны сатып аламыз. Оның бір метрі 8 мың теңгеге дейін барады. Ал бір көрпеге 12 метрге жуық мата жұмсалады. Бұл көрпенің өз бағасы 80-90 мың шамасында болады деген сөз. Ал сапасы төмендеу матаны көбінде қабырғаға ілетін бұйымдарға пайдаланамыз. Өйткені оның үстіне ешкім отырмайды, бір рет іліп қойсаң болды, көпке дейін тұра береді.

Бұған дейінгі сұхбатыңызда жаңа технологияларды пайдаланып жатырмыз депсіз, осы жайлы айтып өтсеңіз?

Иа, кестені көктеп тігетін жаңа технологияны да пайдаланамыз. Мәселен, мынау америкада жасалған тігін құралы. Қазақстанда мұндай тек 4 машинка ғана бар. Бұл жұмыс барысын жеңілдетеді. Бір көрпені екі апта сырып отырғанша мына машинкамен бір күнде жасауға болады. Кейбірі "мына кестені менің апам қолдан салатын" деп айтып жатады. Бұрынғы заманмен қазіргіні салыстыруға келмейді. Егер сол заманда мұндай технология болғанда апаларымыз да қолданар еді. Апаратта тіккен заттардың бағасы қолмен тіккенге қарағанда 3 есе төмен. Қолмен де тіге аламыз, бірақ ол қымбатқа шығады әрі көп уақытты қажет етеді.

кура8.jpg

Шеберханаңызда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

Шеберханада күнделікті отырып істеуге көбі шыдай бермейді. Менде аутсорсинг жүйесі жолға қойылған. Уатсаптағы тобымда жүзден аса тігінші қыздар бар. Тапсырыс болса соларға ұсынамын, кім бос, сол қабыл алып, үйінде отырып-ақ тіге береді. Егер шеберханаға келіп істеуге уақыты болса осында келеді, болмаса үйінде тіге береді, бұл бәріне ыңғайлы.

Шеберханаңызды көркейту үшін кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып отырсыз ба?

Ондай жобаларға қатысып, көңілім әбден қалған. Осыдан бір жарым жыл бұрын 3 миллион теңгенің грантына бизнес жоспар әзірлеп қатысқан едім. Ондағы басты мақсатым - жаңа технологиялық тігін машинкасын сатып алуда мемлекеттен қолдау көрсем деген ой еді. Грантқа жарты жыл бұрын бизнес жоспарымды әзірлеп, қорғауға барғанымда маған беруден бас тартты. Ал менің 3 шәкіртім грантқа қолжеткізді. Жаныма қатты батқаны қызыма босанып шыққаныма үш күн толғанда бизнес жоспарымды қорғау кезегіне қойыпты. Кейінге шегерулерін өткеніме қарамады. Оған да көніп Алматы әкімдігіне қорғауға бардым. Комиссия төрағасы бизнес жоспарымды бір шолды да, лақтыра салды. Ары қарай ештеңе айта алмай тосылып қалдым. Содан "сенімен бәрі түсінікті, боссың" деп шығарып жіберді. Кейін қайта шақыртты, барсам "сен дарынсызсың, жасап жатқаның ешкімге керек емес" деді. Бұл сөздерді ешқашан ұмытпайтын шығармын.  Олардың бар уәжі бұл инновациялық жоба емес. Қазір цифрландыру үрдісі жүріп жатыр ғой, бәрі соған көшіп болған соң біздің идеяларымыз бағаланатын болады әлі. Ол жобаны "Атамекен" ҰКП-сы ұйымдастырды, ал бизнес жоспарды қорғау барысы әкімдіктегі кәсіпкерлік орталығында болды ғой деймін.

кура9.jpg

Кейін де бірнеше грантты жобаларға қатыстым, бірақ ешқайсысынан бірдеңе ұтып көргенім жоқ. Неге қолөнершілерге арнап гранттар бөлмейді? Біз олардан артық ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ қой.

Ақыр соңы өзімнің бар қаражатымды жинап, сол тігін машинкасын сатып алдым. Тек "Шеврон" компаниясы ғана қолдау көрсетті. Онда оқыту курсы өтті, соңында грант алу үшін бизнес жоспарыңды қорғау қажет болды. Содан 4 машиканы ұтып алдым. Бұлардың бәрі энергияны аз тұтынатын, қазіргі заманғы құрылғылар.

Кейде көпбалалы анамын, мемлекет көмектесіп жатыр деп айтқың келеді, алайда бәрін өз күшіммен атқарып жүрмін. Оның үстіне адамдарға тегін курстар өткізіп, олардың осы тігін кәсібін игеруіне қолқабыс етіп келемін. Жалпы әлеуметтік кәсіпкер болған соң, мемлекет тарапынан қандайда бір қолдау болу керек қой. Бізде керісінше әлеуметітк кәсіпкерлерге шектеу қойған. Яғни 30 жасқа дейінгі кәсіпкерлер жатады дейді. Өзі енді ғана бір кәсіпті игеріп жатқан адам қалайша біреуге кеңес беріп, оны үйрете алады? Өзім 35 келіп аяқтан тұрдым, енді ғана елді үйретуге жағдайым бар. Сондықтан 30 жастан жоғарыларға гарнт беру керек. Кәсібін әлі қалыптастырып бітпеген жастар ол қаражатты дұрыс пайдаланбауы мүмкін.

кура10.jpg

Айта берсе сөз көп, бізде көп нәрсе дұрыс қарастырылмаған. Кеше 5 млн теңгенің грантына бардым. Ондағылар "фирмаңыз неше жылдан бері жұмыс істеп келеді" деп сұрады. 4,5 жыл болды деп едім "онда бізге жарамайсыз, біз 3 жылға дейінгілерге береміз" деді. Мен көпбалалы анамын, қалай жарамайды деп сұрасам? "Онда жаңадан ЖШС ашыңыз" дейді. Бұл дұрыс емес, айналып келгенде мемлекетті алдап отырмыз ғой. Одан да басынан бастап дұрыс жолға қою керек.

Бес баланың анасымын деп отырсыз, осындай жұмыстың барлығына қалай үлгеріп жүрсіз?

Негізі жан жарым мен енем үлкен қолдау, сүйеу болып отыр. Күйеуім қандай жағдай болмасын мені алға шабыттаныдырып, "Гуля, сен не айтсаң да менің қолдайтынымды білесің ғой" деп сүйеніш болып отырады. Ал, енем "мен барда балаларға алаңдамай, жұмыстарыңды істеп, ойлаған армандарыңды іске асырыңдар" деп отырады. Кейде таңертең кетіп, кеш келетін жағдайлар болады. Соның бәрі осы адамдардың арқасы.

кура11.jpg

Жалпы бір өнім шығарғанымен оны өткізе білу де үлкен жұмысты қажет етеді. Бұйымдарды жарнамалау ісі қалай жүргізілуде?

Арнайы жарнама жасағаным жоқ. Бір адамға тапсырысты жақсылап жасап берсең, ертең ол тағы екі адам алып келеді. Ұзын құлақ дейміз ғой, сол бір адамнан екіншісіне тарап отырды. Бастысы адаммен дұрыс қарым-қатынас жасай білу. Әр сатып алушыма кәсібіміздің жүруіне азда болса үлес қосқаныңыз үшін рахметімді айтып отырамын. Адамдарға қайырыммен қарағанның арқасында қазір үлкен клиенттер базасы құрылды. Олар жүрген жерінде маған жарнама жасап жүреді. Клиенттерім өте көп, шетелдік адамдар да үнемі тапсырыс беріп отырады. Америка, Канада, Англиядан келген қонақтар тігін шеберханамызға келу үшін арнайы бір күндерін қалдырып қояды. Одан бөлек шетелге шығатын өзіміздің азаматтарда тапсырыс беріп, бұйымдарымды өзге елге сыйлық ретінде апарып жатады. Бірде Түркиядан келген адамға тапсырыспен жайнамаз тігіп бергенбіз. Кейін бір кездескенімде әлгі жайнамазды президенттері Ердоғанға сыйлағанын айтты. Соған қарағанда затымызды жоғары бағалаған. Кейін тапсырыстың көлеміне қарай шеберханамыз да өсіп отырды. Бастапқыда шағын бөлмеден бастап едік, қазір мына үлкен бөлменің өзіне сыймай жатырмыз.

кура12.jpeg

Тағы бір айта кетерлігі қазір тігінмен айналысатын қыздардың барлығы бренд жасағыш болып кетті. Ол дұрыс емес. Мен осы күнге дейін заттарыма әлі бренд жасамадым, сұранысқа қарай тігіп беремін. Сондай-ақ мен Қолөнершілер одағының мүшесімін. Ондағы біздің басшымыз Айжан Бекқұлова үнемі "шебер ретінде брендт жасамауларың керек" деп айтып отырады. Керісінше адамдар сенің затыңды көргенде өздері танып, біліп жататын жағдайға жету керек деген ақылын айтады. "Бұл сенің мықты шебер екеніңді мойындау" дейді. Онымен келісемін.

Одан бөлек не тіксең де сүйіспеншілікпен жасау керек. Жақсы энергетикаңды бере отырып орындасаң, соны клиенттер де тез қабылдайды. Әр заттың өз энергетикасы болады, егер ол жақсы болса адамды өзіне тартып тұрады.

Әңгімеңізге рахмет!

 


Фото: автордан
Загрузка...