Тепловоздың айнасын сындырған 10 жастағы бала ұсталды

29 Қыркүйек 2020, 14:43
1888
Бөлісу:
Тепловоздың айнасын сындырған 10 жастағы бала ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы-1 станциясында тепловоздың айнасын сындырған 10 жастағы бала ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Алматы-1 станциясындағы Желілік полиция басқармасының қызмет көрсету аумағындағы Байсерке станциясынан өтіп бара жатқан №3501 жүк пойызы тепловозының айнасы сынған болатын. Осы факт бойынша оқиға орнына жедел тергеу тобы мен ювеналды полиция инспекторлары келіп, оқиғаның қалай болғанын анықтады. Оқиға орнын тексеру барысында түстен кейінгі мерзімде Байсерке елдімекеніндегі теміржол көпірінің үстінде ойнап жүрген балалардың бірінің көпір астымен өтіп бара жатқан жүк пойызына тас лақтырғаны анықталды. 

Тас лақтырған Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылының тұрғыны, 10 жастағы бала екен. Ол Алматы-1 ст. ЖПБ-ға жеткізіліп, құқық бұзушының кәмелеттік жасқа толмауына байланысты, құқықтық жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қарастырылатын болды. 

Баптың санкциясы бойынша кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамаған ата-аналарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген, – дейді ювеналды полиция тобының инспекторы А. Ақмолдаева.


Өзгелердің жаңалығы