Теннис: Балалар құрамасы Азия командалық біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алды

5 Қыркүйек 2021, 05:25
1057
Бөлісу:
Теннис: Балалар құрамасы Азия командалық біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ташкент қаласында Орталық Азия аймағында 12 жасқа дейінгі балалар арасында Азия командалық біріншілігінің іріктеу кезеңі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметінен.

Финалдық кезеңге берілетін қос жолдаманы Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжістан командалары сарапқа салды. Жарыс қорытындысында қазақстандық қыздар құрамасы Қырғызстанды 3:0, Тәжістанды 3:0 және соңғы күні корт иелерін 3:0 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды.

Қазақстан қыздар құрамасы сапында Ева Корышева, Еркежан Жаңатаева, Эвелина Балаганская және Анелия Нұрқаева (капитан) өнер көрсетті.

Ұл балалар құрамасы (Мадияр Тағибеков, Роберт Каминский, Родион Трайгель және капитан Ойбек Абдирахимов) Қырғызстан мен Тәжікстан теннисшілерін тізе бүктіргенімен, тартысты матчта өзбекстандықтарға 1:2 есебімен есе жіберіп, екінші орынға ие болды. Осылайша екі құрама да финалдық кезеңге жолдама алды.

Қазақстан теннис федерациясының 10-14 жастағы балаларды дамыту және бапкерлерді оқыту жөніндегі үйлестірушісі Шухрат Каюмовтың айтуынша, бұл – үлкен табыс. Қыздар өздерінің жоғары шеберліктерін танытты. Ұлдардан команда көшбасшылары Ярослав Пшеничный, Михаил Мищенко, Мансұр Сайыновтың болмағанына қарамастан, олар да барын салды.  



Өзгелердің жаңалығы