Теңіз кен орнына заңсыз кірмек болғандар ұсталды

15 Желтоқсан 2020, 03:45
1308
Бөлісу:
Теңіз кен орнына заңсыз кірмек болғандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы Жылыой ауданының Теңіз полиция бөлімшесінің қызметкерлері кен орнына блок-бекетті айналып өтуге тырысқан бір топ адамның жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Теңіз полиция бөлімшесінің патрульдік полиция инспекторы Тілеуке Құмаров блок-бекетті айналып, кен орнына қарай бет алған «Lada Granta» автокөлігін көрген бойда басшылыққа хабарлап, өзі тоқтату үшін аталған көлікке бет алған. Бір мезгілде сол бағытқа оның әріптестері де жолға шыққан.

Полицейлер Құлсары қаласының 31 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан көлікті вахталық кентке кіреберісте тоқтатты. Жүргізушіден басқа салонда төрт ер адам болған, олардың екеуі Орынбор қаласында тұратын ресейлік азаматтар болып шықты, - делінген хабарламада.
Құжаттарды тексеру барысында үш жолаушының, оның ішінде бір ресейлік азаматтың қолында ПТР-тест тапсырғаны туралы анықтама болмай шықты. Көліктегі азаматтар «Теңіз» вахталық кенті аумағында орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріне бармақшы болған.

Қазіргі уақытта жинақталған құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліміне жолданды.

Өзгелердің жаңалығы