«Тендер ұтып беремін» деп тұрғындарды алдаған күдікті әйел ұсталды
10 Қараша 2021, 13:39 116

«Тендер ұтып беремін» деп тұрғындарды алдаған күдікті әйел ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төлеби аудандық полиция басқармасына арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. 

Жәбірленушінің айтуынша, оны 2021 жылдың наурыз айында алыс танысы тендер алып беремін деп сендіріп 5 000 000 теңгесін алған. Алайда жылға жуық уақыт аралығында түрлі сылтаулар айтқан танысы не ақшасын қайтармайды, не берген уәдесін орындамайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Төлеби АПБ-ның тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдікті әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғынды анықтап ПБ-ға жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары әйелдің бұдан басқа да тағы бір азаматтан 1 миллион теңге алып алаяқтық қылмысы барын растады. Қазіргі таңда орта жастағы әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, - деп хабарлады ТО ПД баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда мемлекеттік әр түрлі жұмыстарды айтып алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде. Сондықтан Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мұндай алаяқтардан мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін ескертеді.

 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...