«Тең қоғам» орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі – Қасымбек Сайлауов

28 Ақпан 2021, 15:10
8287
Бөлісу:
«Тең қоғам» орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі – Қасымбек Сайлауов

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының әлеуметтік саласында қандай жаңалықтар болып жатыр? «Тең қоғам» орталығы дегеніміз не орталық? Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері неліктен әр тоқсанда өзгереді? Осы және тағы басқа бірқатар сауалға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауов жауап берді.

 – Коронавирус пандемиясынан болып жатқан карантин шектеулері көптеген адамды жұмыссыз қалдырды. Жұмыссыздықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Мәселен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы Шымкентте қалай орындалуда?

– Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша 3 бағытта жұмыс істейміз. Еңбек, жмыспен қамту жол картасы және салалық бағдарламамыз бар. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 21 800 адамды жұмысқа тарту шараларына қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде кәсіптік оқыту, кәсіпке баулу және қоғамдық жұмыстарға тарту, Жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыстар бар. Бұдан бөлек, Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы бойынша да 392 адамды жұмысқа орналастырмақпыз. Салалық бағдарламаларды айтсам, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Бизнестің жол картасы» және тағы басқа да бағдарламалар негізінде 11 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Жалпы Шымкент қаласында 33 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарымыз бар. Сондықтан жұмыссыз жүрген азаматтар келіп, жұмыссыз ретінде тіркелуіне болады.

– Биыл «Тең қоғам» орталығы құрылады. Бұл орталықтың міндеті қандай?

– Биылдың басты жоспарларының бірі осы «Тең қоғам» орталығын құру болып отыр. «Орталық наурыз айында жұмысын бастайды» деп жоспарлап отырмыз. Орталықтың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу. Оларға қоғамдағы әлеуметтік көмектің барлығы дұрыс деңгейде көрсетілуі керек. Жұмысқа орналастырудан бастап, құқықтық, психологиялық кеңес беру, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету басты мақсат болмақ. Қаламызда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың түрлі қауымдастықтары бар. Сол қауымдастық мүшелерінің пікірлерін тыңдап, «оларға қалай қолайлы жағдай жасалу керек» деген ұсыныстарын тыңдап, талқылап, жағдай жасау. «Тең қоғам» орталығы – осындай мақсатта ашылатын орталық. «Нәтижесін береді» деген сенімдемін.

– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда отбасы құрамы мен табысы өзгермесе де атаулы әлеуметтік көмек мөлшері неліктен әр тоқсанда әртүрлі болады?

– Шымкент қаласында бүгінгі таңда ең төменгі күн көріс деңгейі – 31 666 теңге. Соның 70 пайызы, яғни 22 166 теңгесі кедейшілік шегіне жатады. Әр тоқсанда кедейшілік шегінің өзгеруіне байланысты мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек мөлшері   көбейіп не азайып отырады.

Мысалы 2020 жылы кедейлік шегінің сомасы 22 773 теңге болды. Бұл сома биыл төмендеп отыр. Сол себепті атаулы әлеуметтік көмек осы 2021 жылдың бірінші тоқсанында тағайындалған кезде біршама кеміді. Басты себеп осында. Бұдан да бөлек себептер бар. Мысалы, әр тоқсан сайын осы көмекті алушылардың табысы, отбасы құрамы тексеріледі. Мұның барлығы базамызда сақтаулы тұрады. Егер азаматтардың табысында, отбасы құрамында өзгеріс болып жатса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанда міндетті түрде өзгеріс болады. Кейбір азаматтар мұны дұрыс түсінбей жатады. Тіпті базаны көріп, көз жеткізгісі келеді. Арнайы мамандардан себебін сұрап білгісі келеді. Мұндайға жоқ демейміз. Біздің мамандар базаны ашып, қай кезде табысында қандай өзгеріс болғанын көрсетіп, бәрін түсіндіріп береді. Бәрі сақтаулы тұрған соң ешқандай қиындық болмайды. Күмәні бар азаматтарымыз келіп, базасын ашқызып, көз жеткізуіне болады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жөргектер сапасына қатысты көптеген арыз-шағым айтылып жатады. Бұл жағдайды қалай реттемексіздер?

– Бұл – көп адамның көкейіндегі сұрақ. Бұған мұқият жауап беріп өтейін. Бұрын бұл заттардың бәрі конкурс арқылы алынды. Конкурстың ерекшеліктері болды. Ол тек техникалық сипаттамасына сәйкес алынады. Биылдан бастап бұл әлеуметтік порталға өтті. Енді әр азамат өзіне қажет жөргекке өзі тапсырыс бере алады. 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға арнайы интернет желісі – aleumet.gov.kz әлеуметтік қызметтер порталында жеке электронды кілт арқылы өзінің қалауы бойынша жөргекке тапсырыс бере алады. Бұл жерде сол жөргектердің қайдан шыққаны, түріне қарай өзіне керек затты өзі таңдауға құқығы бар. Мұның себебі мынада: мәселен, бір жөргектер келесі бір адамға аллергия беруі мүмкін. Ең мықты фирманың шығарған жөргегі де кейбір адамдарға алергия беріп жатады. Сондықтан біз таңдау құқығын тұтынушының өзіне бердік. Ал енді «порталға кіре алмайтындар не істейді» деген сауал туындауы мүмкін. Бұған да жауап бере кетейін. Порталға кіре алмайтын адамдар біздің басқармаға келсе, қызметкерлеріміз көмектеседі. Электронды кілт ашудан бастап, порталға кіріп қалай тапсырыс беруге дейінгі процесті үйретеді.

– Санаторийде емделу үшін не істеу керек? Ол кімдерге беріледі, қандай құжат ресімдейді?

– Санаторийде емделу үшін тегін жолдама әлеуметтік санатқа жататын адамға беріледі. Жоғарыда айтқанымдай, aleumet.gov.kz әлеуметтік порталы жұмыс істейді. Әрбір адам жолдама алу үшін сол порталға ЭЦҚ арқылы тіркеліп, Қазақстанның бүкіл аймағынан өзіне қажет санаторийді таңдай алады. Бұл көп уақыт алмайды. Порталға тіркеледі, тапсырыс береді. Сол таңдалған санаториймен келісімшарт жасасады.

 

Өзгелердің жаңалығы