Теміржол билеттерін пошта бөлімшелері арқылы сату 80 есе артты

8 Сәуір 2019, 13:39
1986
Бөлісу:
Теміржол билеттерін пошта бөлімшелері арқылы сату 80 есе артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2018 жылдың қорытындысы бойынша пошта бөлімшелері арқылы сатылған билеттердің саны едәуір артқан. Дәлірек айтсақ, 3 жыл ішінде билет сату 80 есе өскен: 2015 жылы 2738 билет сатылған болса, 2016 жылы – 100 110, 2017 жылы – 194 281, ал 2018 жылы 219 357 теміржол билеті сатылған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығының мәліметінше, еліміздің шеткі ауылдарында тұратын тұрғындардың қолайлығы үшін 2015 жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ жол билеттерін «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелері арқылы сату қызметін енгізген.    

Бүгінгі күнде жол билеттерін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қарасты 233 кассасында, жекеменшік 4500 кассада және интернеттегі билет сататын EPAY.RAILWAYS.KZ ресми сайтында және басқа да ғаламтордағы сату көздері арқылы алуға болады.

Ұлттық тасымалдаушы азаматтардан жол билеттерін тек аталмыш сату орындарынан алуды сұрайды.

«Егер де заңсыз билет сатқан фактілерге тап болсаңыз, міндетті түрде жол торабындағы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлеріне шағымдануларыңызды сұраймыз», - деп кеңес берді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да.

Сондай-ақ, қазақстандықтарға жолсеріктер мен пойыз басшыларының билет сатқанын байқаған жағдайда не істеу керегін түсіндірді.

«Егер жолсеріктер мен пойыз басшыларының билет сатқан фактілерін көрсеңіз, міндетті түрде фото-бейне түсіріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Бас директорының блогына жазып жіберулеріңізді сұраймыз. Біз міндетті түрде шара қолданамыз», - делінген хабарламада.


Өзгелердің жаңалығы