Бас жаңалықтар
Теміртау мен Жезқазғанда COVID-19 анықтау бойынша ПТР-зертханалар ашылады
26 Мамыр 2020, 15:58 165

Теміртау мен Жезқазғанда COVID-19 анықтау бойынша ПТР-зертханалар ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Теміртау мен Жезқазған қалаларында маусым айының басында коронавирустық инфекцияны анықтайтын ПТР-зертханалар ашылады. Бұл туралы Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Қазір мұндай зертхана тек Қарағандыда ғана жұмыс істейді. Онда тәулігіне 1 200 тест жасалады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Теміртауда зертхананың ашылуына "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты. Мұнда күн сайын мыңдаған тест өткізілетін болады.

Жезқазғанда қуаты тәулігіне 500 тест болатын ПТР-зертханасын іске қосу жоспарланып отыр. Оған қажетті құрал-жабдықтар "Қазақмыс" корпорациясының есебінен сатып алынды.

Мұндай зертхананы Балқашта да ашуды жоспарлап отыр.

Облыстың барлық ірі жұмыс берушілеріне айтамын. Әлеуметтік азаматтық жауапкершілік танытыңыздар, өз қызметкерлеріңіздің денсаулығына қамқорлық жасаңыздар және өз қызметкерлеріңізді тестілеу үшін көшпелі зертханалардың жұмысын ұйымдастырыңыздар. Бұл өз кезегінде вирус анықталған жағдайда таралу тізбегінің жолын кесуге мүмкіндік береді, ал дер кезінде басталған емдеу аурудың ауыр түріне көшуіне жол бермейді, - деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысында қазір ауруханалар мен поликлинкалар белсенді түрде жаңғыртылуда. Үй-жайларда қосымша инфекциялық бөлімшелер ашу үшін қайта жоспарлау жүргізіледі, төсектердің саны арттырылады. Облыста инфекциялық қызметті қалпына келтіру және дамыту бойынша өңірлік жоспар жүзеге асырылуда.

Қараша айына дейін жеті нысанды қалпына келтіру және жаңғырту жоспарлануда. Ол үшін облыстық бюджеттен 905 млн теңге бөлінді. Тағы 400 млн теңге инфекциялық бөлімшелерді қосымша жабдықтауға жұмсалмақ.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ, өңірдің барлық клиникалық эпидемиологтары кәсіби деңгейін міндетті түрде арттыра түсетінін хабарлады.

Осылайша, облыста заманауи стандарттарға сәйкес келетін, білікті мамандармен қамтамасыз етілген инфекцияға қарсы қауіпсіздіктің мықты инфрақұрылымы құрылатын болады.

 



Фото: дереккөз
Загрузка...