Өтемақы мәселесі. Зардап шеккен әр үй бойынша жеке-жеке шешім қабылданады

25 Маусым 2019, 18:47
1711
Бөлісу:
Өтемақы мәселесі. Зардап шеккен әр үй бойынша жеке-жеке шешім қабылданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Арыстағы тұрғын үйлердің көбі сақтандырылмағанын айтты.

«Өтемақы мәселесіне келсек, тұрғын үйлердің көбі сақтандырылмаған. Сәйкесінше, әр тұрғын үй бойынша, оны қалпына келтіруге қатысты жеке-жеке шешім қабылданады. Бұл үшін комиссия құрылған. Келтірілген материалдық шығынды анықтау бойынша бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бюджет қаржысына қатысты айтсам, өздеріңіз білесіздер, кешеден бері үлкен акция жүріп жатыр. Көптеген бюджеттік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен жекеменшік ұйымдар Арыста зардап шеккендерге қаржы аударып жатыр. Сондықтан түрлі көздерден қаржыландыру жасалады, оның ішінде ақша бюджеттен тыс та аударылады. Қаржыландыру көлемі бағалау жұмысына байланысты болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс қысқа мерзімде аяқталуы тиіс. Сондықтан қазір ең бастысы – минадан тазарту жұмысын аяқтау. Одан кейін комиссия жұмысының нәтижесінде республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс қаржы көлемі анықталады. Бұл қандай сома болатынын біз әзірге айта алмаймыз», - деді Юрий Ильин арнайы брифингте.

ІІМ министрінің орынбасары Арыс маңында болған өрт мәселесімен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысып жатқанын айтты. 

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев қазіргі таңда Арыс тұрғындарына көмек көрсету үшін жедел жәрдем бригадалары сақадай сай екенін айтты.

Еске салсақ, 24 маусым күні таңертең Шымкент қаласынан 97 км жердегі Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шықты. Өрттің соңы жарылысқа ұласты. Түркістан облысының әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан ондаған мың адам эвакуацияланды.

Өзгелердің жаңалығы