«Төле би» телехикаясы көрерменге жол тартады

13 Маусым 2019, 18:21
2701
Бөлісу:
«Төле би» телехикаясы көрерменге жол тартады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістандықтар түсірген 10 бөлімнен тұратын «Төле би» телехикаясы жақын арада көрерменге жол тартады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек айтты. 

«Төле би» хикаясын түсіру үшін облыс бюджетінен 153 млн теңге бөлінген. Сатыбалды Нарымбетовтың көркемдік жетекшілігімен түсірілген туындыны елорданың туған күні қарсаңында «Хабар» арнасынан көрсетуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, Түркістан облысының 1 жылдығына орай, Нұр-Сұлтан қаласында «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің тұсауы кесіледі. Ұзақтығы 25 минуттық «Оқсыз оқ» фильмі мен «Түркістан» анимациялық туындысы да көрерменге жол тартпақ. Ал 10 сериядан тұратын «Төле би» кинохикаясының қысқартылған нұсқасы фильм ретінде көрсетіледі», - деді Нұрдәулет Исабек.

Оның айтуынша, аталмыш туындылар 14 маусымнан бастап үлкен экраннан тегін көрсетіле бастайды. Соның ішінде «Төле би» хикаясы «Хабар» арнасынан көрсетілуі мүмкін.

Айта кетейік, Төле би туралы телехикая былтыр Түркістан облысының сол кездегі әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Тарихи туынды белгілі жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен Мархаббат Байғұттың «Төлеби» атты жеті томдық еңбегіне негізделген. Басты рөлді М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті сомдаған.

Өзгелердің жаңалығы