Бас жаңалықтар
Назарбаев: Әлемді экономикалық трансформация күтіп тұр
16 Мамыр 2019, 12:13 488

Назарбаев: Әлемді экономикалық трансформация күтіп тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХІІ Астана экономикалық форумында осылай айтты.


«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасын 21 есе өсірдік, кедейлік деңгейін 40 пайыздан 3 пайызға қысқарттық. Және де біз осы бағытта жұмыс атқара береміз. (...) «Бір белдеу, бір жол» идеясын белсенді қолдадық. Қазақстан Жібек жолының қақ ортасында тұр, біз арқылы 6 теміржол, 11 автомобиль жолы өтеді. Олар - Қазақстан-Ресей-Еуропа, Қазақстан-Каспий теңізі-Парсы шығанағы мен басқа да елдер бағытындағы жолдар. (...) Біз қазір сіздермен бірге әлемдегі экономикалық текетірестерге куә болып отырмыз. Әсіресе, АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялық шаралар баршамызға мәлім. Бұған ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық келісімдердің қарама-қайшылығын қоссақ, алаңдаушылық туындайды. Бұл ешкімге жақсылық әкелмейді. Түрлі есептеулерге сәйкес, енді әлемдік экономика кемінде өсімнің 0,7-0,8 пайызын жоғалтып отырады. Осы ахуалда әлем ғаламдық, әлеуметтік, экономикалық, технологиялық трансформация кезеңіне өтеді. Бұл трансформация барлық ел халықтарына тәуекелдерді де, мүмкіндіктерді де береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев форумның пленарлық отырысында.



Астана экономикалық форумы (АЭФ) - Еуразиядағы жыл сайынғы іскерлік шара. АЭФ алғаш рет 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтті. 11 жыл ішінде форум әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың біріне айналды. Жалпы, Астана экономикалық форумына әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты мен 30-дан астам жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткер қатысты. 



Ал биылғы форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда. Тіркелген делегаттардың жалпы саны – 5 492. Шетелдік және қазақстандық БАҚ тарапынан аккредиттелгендер саны әлемнің 30 елінен 710-нан астам адамды құрайды. 2019 жылғы форум тақырыбы: «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар». АЭФ аясында екі күн ішінде 50-ден астам сессия мен іс-шара өтеді.


Бұған дейін елордада ХІІ Астана экономикалық форумы басталғаны туралы хабарлағанбыз. Форумның пленарлық отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...