Бас жаңалықтар
Тікұшақ апаты. Техниканың істен шығуы, адами фактор, метеожағдай. Болжам
01 Сәуiр 2019, 17:13 6192

Тікұшақ апаты. Техниканың істен шығуы, адами фактор, метеожағдай. Болжам

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов Қызылорда облысында тікұшақ апатына не себеп болуы мүмкін екенін айтты. 

Ми-8 тікұшағы 1988 шыққан. Алматы қаласындағы №405 авиажөндеу зауытында күрделі жөндеуден өткен. Зауыттан шыққаннан кейін тікұшаққа әуеде 2000 сағат немесе 8 жыл ұшу ресурсы беріледі. Ал бұл тікұшақ апатқа дейін әуеде 773 сағат ұшқан. Техникалық тұрғыда тікұшақ – ақаусыз. Ұшу алдында барлық ұшу аппараты тексеруден өтіп, ұшуға дайындалады. Ұшу құрамы болса медициналық тексерістен өтеді. Қосановтың айтуынша, ұшуға дейін экипаждың моральдық- психологиялық жағдайы, денсаулығы жақсы болған. 

«Барлық себептер қаралып жатыр. Техниканың істен шығуы, адами фактор және метеорологиялық жағдай секілді себептер бар. Мемлекеттік комиссия тергеуді аяқтаған соң, қорытындысы ресми хабарланатын болады. Бүгінгі таңда алдын ала болуы мүмкін себептер айтылды. Комиссия мүшесі болмаған соң, бұл туралы пікір айтуға құқығым жоқ», - деп айтты ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы. 

Қосанов тікұшақтың қара жәшігі табылғанын, ол мемлекеттік комиссияға берілгенін атап өтті. 

«Ақпаратқа тек Бас әскери прокуратура, Әскери-тергеу басқармасы мен ұшулар қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі бас басқармасының өкілдері ғана иелік ете алады»,- деді генерал-майор Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол Ми-8 типті тікұшақтардың ұшуы тоқтатылғанын, апта бойы олар техникалық тексерістен өтетінін айтты. Оның айтуынша, Ми-8 – посткеңестік елдерінің ішінде ғана емес, әлемдегі ең адам көп сиятын, ең қарапайым, әрі сенімді тікұшақ.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырап, 13 адам қайтыс болғаны туралы хабарлағанбыз. Депутаттар қаза тапқандардың отбасына көмектесуді сұрады. Маңғыстау облысы әрбір әскеридің отбасына 1 млн теңгеден беретіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, экипаж мүшелерінің құрамы және олардың соңғы сәтке дейін ажалмен арпалысқаны жайлы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, қаза болған әскерилердің мүрдесін бүгін Қызылордадан өз туған топырақтарына шығарып салған болатын. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасына қандай көмек берілетіні және төрт әскеридің мәйіті туған жеріне жеткізілетіні айтылды.

Сізден жаңалық