Тегін дәрі-дәрмектен тапшылық болмайды

11 Қаңтар 2019, 14:35
1882
Бөлісу:

Астана, baq.kz тілшісі. Бүгінде 2019 жылға арналған тегін берілетін дәрілердің 90% сатып алынды. Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп мәлімдеді.

«Үстіміздегі жылға арналған дәрілік препараттардың 90% сатып алынып, бүгінде еліміз бойынша қоймаларға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Келесі аптадан бастап дәрілер емханаларға түсе бастайды. Биыл жалпы сомасы 23 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі алынды. Сондықтан тегін дәрі бойынша тапшылық болмайды, бастысы оның дұрыс жеткізілуі», - деді Шәріп. 

Оның айтуынша, 2019 жылы тегін қамтамасыз ету үшін сатып алынған дәрі-дәрмектің тізімі 1144 құрайды. Оның ішінде, 45 ауру түрі бойынша диспансерлік есепте тұрған  пациенттердің еміне 421 дәрі-дәрмек белгіленді.

Одан бөлек, ол халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қатаң бақылауға алынатынын айтып өтті. 

«Халықты тегін дәрілермен қамтамасыз ету бойынша 1439 байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол арқылы кез-келген азамат дәрі-дәрмекті жеткізу мерзімі, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпаратты біле алады. Сол сияқты SMS жүйесі арқылы пациент тиісті дәріні уақытында алған немесе алмағаны туралы ақпарат бере алады», - деді «СК-Фармация» ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы.
Назерке Абибулла
Өзгелердің жаңалығы