Тегін дәрі-дәрмек 18 жасқа дейінгі балаларға беріледі

13 Қаңтар 2020, 17:12
3903
Бөлісу:
Тегін дәрі-дәрмек 18 жасқа дейінгі балаларға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылдан бастап 192 дәрі-дәрмек атауы 18 жасқа дейінгі балаларға тегін берілетін болды.

Бұған дейін тек 5 жасқа дейінгі балалар тегін дәрімен қамтамасыз етілетін. Бүгінде оның 157 атауы сатып алынды және жөнелтуге дайын. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында "СҚ-Фармация" ЖШС басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп мәлімдеді. 

МӘМС аясында тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету едәуір көбейіп жатыр. 1 қаңтардан бастап №660 бұйрыққа сәйкес 140 аурулар тобы нозологияға кірді. 715 атауға дейін кеңейтіп жатырмыз. 2019 жылы бюджеттен бөлінген қаржы 100 млрд-тан астам болса, қазіргі таңда алдын-ала бюджеттен қарастырылған дәрі-дәрмектің көлемі 190 млрд-қа дейін жетіп жатыр. Нақты айтсақ, қосымша дәрі-дәрмектің тізіміне 225 атау кірді. Оның ішінде 161 атау ересектерді емдеу үшін. Бұған дейін 5 жасқа толмаған балаларға дәрі-дәрмекті тегін берсек, бұл топты 18 жасқа дейін кеңейтіп жатырмыз. Қосымша бұл топқа 192 дәрі-дәрмек кірігізіп жатырмыз, - деп айтты Берік Шәріп бүгінгі баспасөз брифингінде. 

Спикердің айтуынша, МӘМС жүйесін енгізу кезінде тегін дәрі-дәрмектер тізбесін кеңейту туралы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы қазіргі уақытта Әділет министрлігінде тіркелуде. 

Барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде МӘМС жүйесіне қатысушы пациенттер 62 ауру бойынша тегін қамтамасыз етілетін болады. 

Сонымен қатар, пациенттерді инфекциялық, протозойды, паразиттік аурулар, гельминтоздар, грибокты инфекциялар, ас қорыту, қан, ағзалардың аурулары және иммундық механизмді тартатын жекелеген бұзылулар, жүйке жүйесі, көру, есту және тыныс алу ағзаларының, тері және тері асты клетчаткасы, несеп-жыныс жүйесі, сүйек-бұлшық ет жүйесі және дәнекер тіндердің аурулары, сондай-ақ жүрек-қан тамыры аурулары кезінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарлануда, - деп атап өтті "СҚ-Фармация" ЖШС ресми өкілі.

Бірыңғай дистрибьютордың басшысы Берік Шәріптің айтуынша, 157 жаңа атау, оның ішінде анағұрлым жиі қолданылатын қызуды түсіретін және қабынуға қарсы құралдар сияқты дәрі-дәрмектер, сондай-ақ антибиотиктер қазіргі уақытта сатып алынған. 

Препараттар бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына келіп түсті, жөнелтілуге дайын. Бірыңғай дистрибьютор тізімінде енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін тағы да 82 позиция сатып алынады, - дейді спикер.
Өзгелердің жаңалығы