Бас жаңалықтар
Елордада «Театр сабағы» атты жаңа шығармашылық жоба басталады
27 Қаңтар 2021, 09:05 208

Елордада «Театр сабағы» атты жаңа шығармашылық жоба басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 30 қаңтарда «Астана Опера» Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесе 9-сынып оқушыларына арнап «Театр сабағы» атты жаңа, қызықты шығармашылық жобаны бастайды. 

Оның мақсаты – өскелең ұрпақты эститикалық тұрғыдан тәрбиелеу.  

Бұл жобаны іске асыру үшін әкімдік оқушыларды ұйымдастыру және өзге де маңызды мәселелерді өз мойнына алды. «Астана Опера» театры белсенді ағартушылық қызметін жүргізіп келе жатқанын айтып өткен жөн, оның репертуарында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жобалар мен концерттер бар. 

Еске салар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!» деп атап өтті. 

Елорда әкімі Алтай Көлгінов театрмен бірлесе жүзеге асыратын жобаның маңыздылығын атап өтті: «бұл мектеп қабырғасынан бастап оқушылардың бойына мәдениетке деген махаббат пен адами-рухани құндылықтарды баулып қана қоймай, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттері мен дарындарын ашуға мүмкіндік береді». 

Өкінішке қарай, карантин жағдайында балалар түрлі гаджеттерді анағұрлым көп пайдаланады, теледидарды көп қарайды, компьютерлік ойындар ойнайды, сондықтан опера және балет әртістеріміз бен оркестр музыканттарымыздың шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа атмосфераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемін ашады деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бастап қалыптастыру. «Театр сабағын» тек жоғары сынып оқушылары, яғни бозбалалар мен бойжеткендер үшін өткізу туралы шешім қабылданды. Олардың кейбіреуі, әрине, театрда болған, алайда Өнер ордасына келудің әрбір сәті – бұл әрдайым мейрам емес пе! Театрда ешқашан болып көрмеген, жай ғана жанынан өтіп бара жатып, бұл қолжетімсіз деп ойлаған балалар да бар. Шын мәнінде, театрдың есігі балалар үшін де, ересектер үшін де айқара ашық, - деп пікірімен бөлісті Мәдениет қайраткері, танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова. 
Балалар үшін алғашқы театр қоңырауы 30 қаңтарда соғылады. Жас көрермендер назарына әлемдік хореография жауһары – Л.Минкустың «Баядерка» балеті дайындалды. Іс-шара бағдарламасына сәйкес, оқушылар театрға спектакльдің басталуына дейін 2 сағат бұрын келеді. Олардың назарына слайдтарды қолдану арқылы тартымды түрде 15 минуттық дәріс әзірленді, тәжірибелі музыкатанушылар балеттің мазмұны, композиторы, хореографы, қойылым туралы, сондай-ақ балалардың бұл күні сахнадан көретін солистер туралы қызықты ақпаратты әңгімелеп береді. 

Театр сабағына 30 оқушы келеді. Олар он адамнан үш топқа бөлінеді. Театр бойынша балаларды сахна сырты әлеміне саяхат жасату үшін үш экскурсия жетекшісі алып жүретін үш бағдар әзірленді. 

Балалар қойылымды жасаудың артында қаншама адамның тұрғанын көреді. Біз грим жасау бөлмелеріне бас сұғамыз, олар әртістерге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Содан костюмерлік цехқа кіреміз, онда балалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Жеңіл балет костюмдері мен мысал ретінде XVIII ғасырдың айбынды опера киімдері арасындағы айырмашылықты көреді. Аяқ киім цехында балалар нағыз балет пуанталарын қолмен ұстап көре алады. Сөзсіз, оларға бутафор және реквизит цехтарында қызықты болар, бұл жерде олар бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады. Экскурсия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады – балалар бастарына каска киеді. Сондай-ақ олардың бағдарына музыкалық кітапхана, дайындық залдары мен тағы басқалар кіреді, - деп қорытындылады Маржан Жәкенова. 


Фото: дереккөз
Загрузка...