Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы күні қарсаңында Бразилия орталық банкінің музейінде теңгеге арналған стенд ашылды.
Сыртқы саясат ведомствосынан хабарлағандай, Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов Бразилия орталық банкінің басшылығын Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен қиын өтпелі кезеңдердегі қазақстандық валютаның айналымға енгізілу барысы мен еліміздің осы сәттері португал тіліне аударылған "Тәуелсіздік дәуірі" кітабында көрініс тапқандығы туралы айтып берді.
Айта кетейік, теңге әлемдегі ең жас валюталардың бірі болып табылатындығына қарамастан, еліміздің егемендігінің экономикалық нышаны ретінде әлемдік қаржы нарығындағы өз позициясын айтарлықтай нығайтып үлгерді.
Бразилияның Азаматтық қаржы жөніндегі орталық банкінің директоры Луис Мансур Қазақстанның тұрақты дамып келе жатқан экономикасын ерекше атап өтіп, тәуелсіздік кезеңінде және ұлттық валютаны құру кезінде қабылданған шараларға жоғары баға берді. Ол қазақстандық банкноттардың қызықты дизайнын, сапасы мен техникалық сипаттамаларын белгілеп, Бразилия орталық банкі музейі коллекциясының маңызды бөлігі болатын теңге арқылы Қазақстанмен жақынырақ танысу мүмкіндігіне өз ризашылығын білдірді.
Бразилиялық бас банктың өкілі биылғы жылы екі елдің ұлттық валюталары – теңге мен реал – әлемдік қаржы нарығындағы берік позицияларымен ерекшеленетін 25 жылдық межелерінен өткенін атап өтті.